Munarmedia.kz. 5.08.2025 ж. /Астана/-Қазақстандық марафоншы және саяси тұтқын Марат Жыланбаев оның жағдайы жайлы таратылған ресми мәлімдемелерді жоққа шығарды. Бұл туралы Exclusive.kz сайты Bureau.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылғы 31 шілдеде адвокат Мейіржан Досқараев пен Марат Жыланбаевтың жақтастары саяси тұтқынды Степногорск қаласындағы түзеу мекемесінде барып көрген. Бұл туралы «Активисты – не экстремисты» атты Facebook тобы хабарлады. Алайда, адвокатты Маратпен кездестіруге рұқсат алу үш сағатқа дейін созылған. Кездесуге жіберілген соң, мекеме қызметкерлері заң талаптарын бұза отырып, адвокаттың жұмыс құжаттарын тәркілеген. Олардың арасында қорғаушы мен Жыланбаев талқылауы тиіс болған кассациялық шағымның жобасы да бар.
Сондай-ақ, Марат Жыланбаев жақындарымен сөйлескеннен кейін, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев пен оның көмекшісі Раиса Шер оның жағдайы туралы жалған ақпарат таратып жатқанын білді. Аталған тұлғалар Жыланбаевтың «шағымы жоқ, денсаулығы жақсы, спортпен айналысады, ал аштық акциясы емдік сипатта» деген мазмұнда пікір білдірген.
Осыған байланысты Марат Жыланбаев өзінің 24 шілде күні Степногорск қаласының прокурорына және 29 шілде күні Раиса Шерге түзеу мекемесіндегі антисанитарлық жағдай (тіпті тышқанның нәжісін көрсеткен), тамақ қалдықтары тасталатын шұңқыр, аштық жариялау себептері мен құқықтарының бұзылуы жайлы айтқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Жыланбаев тек 3×4 метрлік камера ішінде ғана жүгіре алады, себебі серуендеу алаңына шығарылмайды.
Ластаев пен Шер тарапынан тараған ақпаратқа байланысты Марат Жыланбаев Ақмола облысының прокурорына өтініш жазып, олардың жалған мәлімдемелеріне ресми шара қолдануды сұраған. Алайда бұл өтініш адвокатқа тапсырылғанымен, түрме әкімшілігі оны тартып алып, «өздері тіркейтінін» мәлімдеген. Бұл әрекет те заңсыз болып табылады. Бұған қоса, 28 шілде күні Жыланбаев құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожинаға сенімхат беру туралы жазған өтініші де мекеме тарапынан тіркелмеген. Тіркеу «15 күн ішінде жүргізіледі» деген уәдемен аяқсыз қалған.
Саяси тұтқын өзінің денсаулығы күрт нашарлағанын, атап айтқанда ұйқыбезіне қатысты проблемалар туындағанын хабарлаған. Алайда бұл туралы да түзеу мекемесі қажетті инстанцияларға мәлім етпеген. Сонымен қатар, Жыланбаевқа жеткілікті көлемде су сатып алуына шектеу қойылған.
Аталған жағдайда, билік тарапынан тек тұтқынның өзіне емес, оның қорғаушысы Мейіржан Досқараев пен құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожинаға да қысым көрсетіліп жатыр. Олар Жыланбаевтың шынайы жағдайы жайлы ақпаратты жариялағаны үшін қудалауға ұшырауда.
Айта кетейік, БҰҰ-ның 2011–2013 жылдар аралығындағы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған қазіргі Қазақстан президентінің халықаралық беделіне қарамастан, Біріккен Ұлттар Ұйымы Марат Жыланбаевтың қудалануын және түрмеге қамалуын заңсыз әрі еріктен тыс деп таныған.
Сурет: Bureau.kz