Түркия мен Қазақстан стратегиялық әріптестікті тереңдетуге уағдаласты – Анкарада 20-дан астам келісімге қол қойылды

70

Munarmedia.kz.03.08.2025 ж. /Астана/-2025 жылғы 29 шілдеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға ресми сапармен барып, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізді. Түрік Президентінің сарайында өткен ресми қарсы алу рәсімі салтанатты форматта өтті: құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды, артиллериялық салют берілді.

Келіссөздер барысында екі ел көшбасшылары сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша 20-дан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, төмендегі салаларды қамтитын маңызды келісімдер жасалды:

  • энергетика мен көлік;

  • инвестиция және логистика;

  • ауыл шаруашылығы мен цифрлық технологиялар;

  • білім, мәдениет және денсаулық сақтау.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Жоғары деңгейлі кеңестің бесінші отырысының шешіміне қол қойып, Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру туралы уағдаласты.

Сапар аясында тағы бір маңызды келіссөз — «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Түркиядағы халықаралық Мерсин порты арасында өтті. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТМТМ) аясындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ Азия мен Еуропа арасындағы мультимодальды логистикалық шешімдерді дамыту мәселелерін қарастырды.

Қазақстан тарапы жүк тасымалының тұрақтылығын қамтамасыз етуге дайын екенін білдіріп, KPMC (ҚТЖ мен PSA International бірлескен кәсіпорны) базасында төмендегі бағыттар бойынша іске асырылып жатқан жобаларды таныстырды:

  • Қытай – Түркия (Измит, Косекой),

  • Сиань – Ыстамбұл,

  • Циндао – Хоргос – Сергели және т.б.

Мерсин порты Орта дәліздің негізгі логистикалық хабы ретінде қарастырылып отыр. Осы орайда тараптар бұл бағыттағы серіктестікті тереңдетуге өзара мүдделі екендерін нақтылады.

Бірнеше саладағы ынтымақтастықты қамтыған бұл келіссөздер Қазақстан мен Түркия арасындағы көпжақты әріптестіктің жаңа кезеңін айқындады.