Жемқорлық жанжалдарынан кейін: утильалымнан жиналған миллиардтар өртке қарсы техникаға жұмсалды

39

Munarmedia.kz 21.08.2025 /Астана/-Қазақстан азаматтарынан жиналған 8,5 млрд теңге утильалым қаражаты өртті ерте анықтау жүйелерін орнатуға және арнайы техника сатып алуға бағытталды. Бұл туралы Экология министрлігі хабарлады, деп жазады Exclusive.kz.

Ведомство дерегінше, «Жасыл даму» компаниясы 6,19 млрд теңгеге орманды бақылауға арналған бағдарламалық-аппараттық кешен орнатқан. Жүйе Астана, Ақмола және Қостанай облыстарында енгізілген. Ол өрт ошақтарын дер кезінде анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, осылайша ауқымды апаттардың алдын алуға жағдай жасайды.

Сонымен қатар, тағы 2,41 млрд теңге жол талғамайтын көліктер, жүк машиналары мен тіркемелі тракторлар сатып алуға жұмсалған. Арнайы техника табиғатты қорғау және жануарлар дүниесін сақтау ұйымдарына берілді.

«Жасыл даму» алдағы уақытта да утильалым қаражатын экологиялық жобаларға бағыттай беретінін мәлімдеді.

Алайда, РОП (утилизация операторы) жүйесі бұған дейін бірнеше рет жемқорлық дауына іліккен. 2023 жылы экс-басшы Шнар Мұхтарова аса ірі көлемдегі қаржыны жымқырғаны үшін жеті жыл шартты жазаға кесілген болатын. Мемлекетке келген шығын сол кезде 27 млрд теңгеге жуық деп бағаланған.

Айта кетсек, «Оператор РОП» компаниясы бұған дейін Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі болған. Алайда 2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін ол бизнесін мемлекетке өткізіп берген еді.

Фото: Depositphotos