Еуропалық компания Қазақстанда бал өндіруді жоспарлап отыр

28

Munarmedia.kz 21.08.2025 /Астана/-20 тамыз күні Венгрияның Aranynektár Kft атты ірі ара шаруашылығы компаниясының өкілдері Қазақстан ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлымен кездесті. Тараптар елімізде бал өндіру және қайта өңдеу зауытын салу мәселесін талқылады.

Aranynektár Kft — Еуропадағы ең ірі бал өндірушілердің бірі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, компания жылына шамамен 4 мың тонна бал өндіреді. Бұл көрсеткіш 2024 жылы бүкіл Қазақстанда өндірілген көлемге (5 мың тонна) жуық.

Вице-министр Ермек Кенжеханұлы венгрлік жобаның маңыздылығын атап өтіп:
«Бұл жоба ел ішінде қосылған құн қалыптастыруға ғана емес, қазақстандық балдың экспортын айтарлықтай арттырып, оны Еуропалық одақ нарығында лайықты деңгейге шығаруға мүмкіндік береді», — деді.

Айта кетейік, бұл ара шаруашылығына қатысты Қазақстандағы алғашқы еуропалық бастама емес. Биыл наурыз айының соңында Астанаға Словения президенті Наташа Пирц-Мусар келіп, «ара дипломатиясын» белсенді түрде алға тартқан еді. Бұл бастама араларды сақтауға бағытталған болатын. Дегенмен, словендік жобаның жалғасы табылмады.

Фото: Envato Elements