Мелони Украинаны қолдаудың 24 сағаттық жоспарын ұсынды — Bloomberg

45

Munarmedia.kz 21.08.2025 /Астана/-Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони одақтастарға жаңа бастама ұсынды. Оның негізінде Ресей тарапынан қайталанатын кез келген агрессия жағдайында Украинаға әскери әрі экономикалық қолдау көрсету туралы шешім 24 сағат ішінде қабылдануға тиіс, деп хабарлайды Exclusive.kz Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік деректеріне сәйкес, ұсынылып отырған нұсқа шартты түрде «NATO-light» деп аталады. Ол Солтүстік Атлантика шартындағы 5-бапқа сәйкес ұжымдық қорғаныспен теңестірілмейді, бірақ Украинамен екіжақты келісімдері бар мемлекеттердің жедел әрі үйлестірілген әрекетін көздейді. Жоспарға қару-жарақ жеткізу, Украина Қарулы күштерінің қорғаныс әлеуетін арттыру, қаржылай көмек көрсету, сондай-ақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу мәселелері кіреді. Дегенмен бұл жоспар шетелдік әскерлердің Украина аумағына тікелей қатысуын қарастыра ма, ол жағы әзірге белгісіз.

Италияның Қорғаныс министрі Гвидо Крозетто La Repubblica-ға берген сұхбатында Мелонидің мақсаты — Украинаны қорғауды қамтамасыз ететін нақты тетік құру екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы формат әлі нақтыланбаған, бірақ егер бұл жүйеге НАТО тікелей қатысса, бастама әлдеқайда тиімді болмақ.

Еске сала кетейік, 16 тамызда Аляскада өткен саммиттен кейін Джорджа Мелони итальяндық бастаманың Солтүстік Атлантикалық шарттың 5-бабынан шабыт алғанын айтқан еді. Ал AFP пен Reuters агенттіктері украин дипломатиялық дереккөздеріне сүйене отырып, Вашингтон Киевке «НАТО-ға кірместен, 5-бапқа тең келетін қауіпсіздік кепілдіктерін» ұсынғанын, тіпті мұндай келіссөздер Ресей президенті Владимир Путинмен де талқыланғанын жазған болатын.

Фото: Alberto Pizzoli / AFP / Getty Images