Жапонияда премьер-министр мен министрлердің жалақысы қысқартылады

72

Munarmedia.kz, 13 қараша. – Жапония үкіметі премьер-министр Санаэ Такаити мен министрлердің еңбекақысын қысқарту туралы шешім қабылдады.
Бұл шара «артықшылықтарды қысқарту реформасы» деп аталатын бастаманың бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.
Премьер-министрдің резиденциясында өткен жиында жалақыға қосылатын үстемақыларды уақытша тоқтату туралы шешім мақұлданды. Сондай-ақ бұл өзгеріс вице-министрлерге, парламенттік хатшылар мен премьер-министр көмекшілеріне де қатысты болмақ.
Кабинет желтоқсанда аяқталатын қазіргі парламент сессиясында тиісті заң жобасын қарауға енгізіп, оны қабылдатуды көздеп отыр.
Үкімет бас хатшысы Минору Кихара 11 қарашадағы баспасөз мәслихатында былай деді:
«Артықшылықтарды қысқарту реформасы аясында біз депутаттық жалақы шегінде өз міндеттерімізді адал атқаруды жалғастырамыз».
Ол сондай-ақ барлық министрлер мен шенеуніктер өз қызметін тек парламент мүшелеріне тиесілі жалақымен атқара беретінін атап өтті.
Қазір Жапония парламент мүшесінің айлық жалақысы 1 миллион 294 мың иенді құрайды.
Бұған дейін премьер-министрге шамамен 1 миллион 152 мың иен, ал министрлерге шамамен 489 мың иен көлемінде үстемақы төленіп келген.
Заң күшіне енгенге дейін де премьер-министр өз жалақысының 30 пайызын, ал министрлер 20 пайызын ерікті түрде қайтарып отырған.