Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары ұсталды

70

Munarmedia.kz 30.08.2025 /Астана/ «Орда» басылымы таратқан дерекке сәйкес, Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жайдарбек Құттыбаев ұсталды. Ол өңірлік департаментте кадрлық жұмыстарға жетекшілік еткен.

Жаңартылған ақпарат: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бұл деректі ресми түрде растады:

«Оны Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ұстады. Қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отыр. Құқыққа қарсы әрекеттер жасаған деген күдікке ілініп отыр.

2025 жылғы 29 тамызда Құттыбаев теріс себептер бойынша қызметінен босатылды. Заң мен антына қайшы әрекет еткендердің барлығы анықталып, жауапкершілікке тартылады», — делінген министрлік мәлімдемесінде.

Айта кетейік, өткен жылдың күзінде Жамбыл облысында полиция басшылығы құрамына қатысты ауқымды кадрлық тазарту жүргізілген болатын. Ішкі істер министрлігінің инспекциялық тексерісі нәтижесінде департаменттің басшысы мен бірнеше орынбасарын қоса алғанда, басшылықтың басым бөлігі қызметтен босатылған еді.

Олардың орнына жаңа басшылық келген болатын. Жайдарбек Құттыбаев сол кезде полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына тағайындалған еді.