Теміржол мафиясы: «ҚТЖ» Аягөздегі дизель отынын 133 млн теңгеге ұрлау фактісін анықтады

40

Munarmedia.kz 30.08.2025 /Астана/«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының орталық аппараты Аягөз қаласындағы локомотив депосында ішкі аудит жүргізіп, нәтижесінде жалпы сомасы 133 миллион теңгеден асатын дизель отынының ұрланғанын анықтады.

Компания мәліметінше, аудит барысында 2022 жылы келтірілген залал 84 млн теңгені құраса, 2023 жылы тағы 49 млн теңгенің шығыны тіркелген. Сонымен қатар, тексеру барысында жалған жұмысқа орналастыру фактілері де әшкереленді: кейбір қызметкерлер құжат жүзінде локомотивтік бригадалардың құрамында көрсетілгенімен, нақты жұмыс атқармаған және заңсыз түрде жалақы алып отырған.

«Анықталған заңбұзушылықтарға Аягөз локомотив депосының бастығы мен оның бас инженері қамқорлық көрсеткен. Аудит материалдары құқық қорғау органдарына жолданды», — деп мәлімдеді «ҚТЖ» компаниясы.

Тергеу деректеріне сүйенсек, күдікке ілінгендердің бірі — AMANAT партиясынан Аягөз аудандық мәслихатының депутаты, сондай-ақ жергілікті локомотив депосының басшысы Алмас Жанатқалиев. Ол қазір қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылып, ұсталған болуы мүмкін.