Munarmedia.kz 30.08.2025 /Астана/ Өскемен және Семей қалаларында жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салу жобалары бойынша Ресей тарапынан қаржыландыру әлі күнге дейін ресми түрде расталмады. Бұл туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді.
«Мемлекетаралық келісім аясында бұл жобаларды бірлесіп іске асыру мәселесі қарастырылған болатын. Алайда, өкінішке қарай, қазіргі таңда Ресей тарапынан қаржыландыруға қатысты ресми растау жоқ. Осыған байланысты біз бұл жобаларды өз күшімізбен жүзеге асыру мүмкіндігін белсенді түрде қарастырып жатырмыз», — деді вице-министр. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қыркүйек айында қабылданады.
Аталған мәселе бойынша қарама-қайшы пікірлердің айтылып жатқанын да айта кеткен жөн. Бұған дейін Қазақстанның бірінші вице-премьері Роман Скляр Ресейдің жобаларға қатысудан бас тартуын федералдық бюджет тапшылығымен түсіндірген еді. Алайда кейінірек Ресей үкіметінің бұл жобаларға қаржы тарту мүмкіндіктерін әлі де қарап жатқаны белгілі болды.