Заманауи құлдық: ТМД азаматтарын қалай “тауарға” айналдырып жатыр

52



Munarmedi.kz 02.11.2025 /АСТАНА/ Жыл сайын мыңдаған адам Мьянма, Таиланд және Лаос секілді елдерде — «Алтын үшбұрыш» аймағында — заманауи құлдықтың құрбанына айналып отыр. Олардың қатарында ТМД елдерінің азаматтары, соның ішінде қазақстандықтар да бар.

Қылмыстық топтар шетелде «жоғары жалақысы бар жұмыс» ұсына отырып, адамдарды алдап арбап, барған соң құжаттарын тартып алып, еркіндігін шектейді. Жәбірленушілер оқшауланған лагерьлерге жіберіліп, арзан жұмыс күші ретінде немесе онлайн-алаяқтық орталықтарында мәжбүрлі еңбекке жегіледі.

Ең ауыр мысалдардың бірі — 26 жастағы Беларусь азаматы Вера Кравцованың оқиғасы. Ол шетелдік компанияның тартымды ұсынысына сеніп, Бангкокқа келген. Кейін оны Мьянмаға жеткізген. Алғашында бәрі заңды көрінгенімен, 4 қазан күні онымен байланыс үзілген. 16 қазанда туыстарына оның «жүрек талмасынан қайтыс болғаны» және сол күні кремацияланғаны хабарланған. Бірақ отбасы алған анықтамада 10 қазан күні көрсетілген — бұл ресми нұсқаның күмән тудыратынын және қыздың мүшелері заңсыз сатылған болуы мүмкін деген болжамды күшейтеді.

Қазақстан азаматтары да осындай жағдайға жиі тап болуда. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 2022 жылдан бері Мьянма мен көрші елдерден 50-ден астам қазақстандық құтқарылған, тағы жүзден астам адам дипломатиялық органдардың көмегінсіз өз бетімен елге оралған.

Құқық қорғау органдары «Алтын үшбұрыш» аймағындағы ахуалды бақылауда ұстауға тырысуда. Биыл ақпанда Таиланд билігі Мьянмадан 260 адамды құлдық лагерьлерден босатты. Лаос билігі де арнайы экономикалық аймақтардағы жүздеген онлайн-алаяқтық орталықтарын жапты.

Алайда соңғы екі жылда мұндай фактілердің саны азаймай, керісінше, көбейіп келеді.

Сондықтан ҚР Бас прокуратурасы мен Сыртқы істер министрлігі азаматтарды Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне «жоғары жалақылы жұмыс» іздеп бармауға шақырды. Себебі алаяқтар жалған вакансиялар арқылы азаматтардың жеке деректерін және банктік шоттарына қолжетімділікті иемденіп, кейін оларды шетелге құлдыққа сатып жіберетін жағдайлар жиілеген.