Munarmedi.kz 02.11.2025 /АСТАНА/ Алматы қаласында жаңа №224 мектептің оқу тіліне қатысты пікірталастар әлі де жалғасуда. 31 қазан күні қала әкімдігінде үшінші рет өткен жиынға ондаған ата-ана мен белсенділер жиналып, мектептің тек қазақ тілінде оқытылуын талап етті.
Аталған оқу орны 2 500 оқушыға арналған, қаладағы ең заманауи және ірі білім мекемелерінің бірі саналады. Дегенмен мектеп ашылмай жатып-ақ, тіл мәселесі ата-аналар мен жергілікті билік арасындағы басты тақырыпқа айналған.
Жиынға келген аналардың бірі өз баласын қазақ тілді мектепке орналастыру қиындықтары бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқанын айтты.
«Біз бұл ауданға сегіз жыл бұрын көшіп келдік. Ол кезде тек №140 қазақ мектебі ғана бар еді, бірақ біздің үй оның микроучаскесіне кірмейтін. Кейін №94 мектепте екі қазақ сыныбы ашылды, бірақ онда барлық іс-шаралар орыс тілінде өтеді, тіпті Наурыз мүлде атап өтілмейді. Ендеше неге толыққанды қазақ мектебін ашуға болмайды?» — дейді ата-аналардың бірі.
Жаңа мектеп ашылатыны хабарланғанда ата-аналар қуанып қалған. Алайда кейін оқу орны аралас мектеп болуы мүмкін деген әңгіме тараған.
«Қазір көп ата-аналар балаларын жаңа мектепке беруге асықпай отыр. Себебі оқыту тек қазақ тілінде болатынына нақты кепіл жоқ. Егер мектеп аралас болса, баяғы жағдай қайталанады», — дейді тұрғындар.
Қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Тапенұлының айтуынша, мектепке қабылдау 29 қазанда басталған. 31 қазан күнгі сағат 13:00-дегі жағдай бойынша 1002 өтініш түскен.
«Оның 779-ы — қазақ сыныптарына, 223-і — орыс сыныптарына. Микроучаске бойынша тіркелген 633 баланың 611-і қазақ тіліндегі сыныптарға өтініш берген. Бұл балалар міндетті түрде қабылданады. Қазір қазақ тілінде сабақ беретін 55 мұғалім жұмысқа қабылданды, тағы 12 педагог басқа мектептерден ауысуда. Ал орыс сыныптарына әзірге мұғалім табылмағандықтан, №224 мектеп II тоқсаннан бастап қазақ тілінде жұмысын бастайды», — деді ол.
Орыс сыныптарына өтініш берген ата-аналарға әзірге кадр мәселесі шешілмейінше, балаларды қабылдау мүмкін еместігі түсіндірілген.
Қоғам қайраткері, жазушы Марат Байділдәұлы бұл дауға жай тіл мәселесі ретінде емес, ұлттық сана тұрғысынан қарау қажет екенін айтты.
«Біз 1980-жылдардың өзінде Алма-Атада қазақ мектептерін ашу үшін күрестік. Ол кезде бір бұрыштан қазақ сыныбы ашылса да қуаныш еді. Ал қазір — тәуелсіз мемлекетпіз. Аралас мектеп — отарлық саясаттың сарқыншағы, қазақтарды орыстандырудың амалы. Егер тәуелсіз ел болсақ, мектеп не толық қазақша, не толық орысша болуы керек. Аралас мектеп ұлт рухын әлсіретеді», — деді ол.
Кездесуден кейін ата-аналардың көбі әкімдік өкілдерінің уәдесіне сенімсіздік білдірді. Олар билік әдеттегідей сабырға шақырып, «бәрі реттеледі» деген жалпылама жауаптармен шектелді дейді. Әкімдік мектептің толық қазақ тілінде жұмыс істейтінін ресми түрде мәлімдегенімен, ата-аналар мұндай уәделердің бұрын орындалмай қалғанын еске салып, сақтық танытып отыр.