Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Ұлытауда Шынболат Ділдебаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған "Шынболаттың шындығы спектаклінің" премьерасы өтті

225

Munarmedia.kz- Астана. 20.04.2025 жыл. Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында ақын, термеші, әнші, жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе, Қызылорда, Сәтбаев қалаларының және Қызылорда облысы Шиелі ауданының құрметті азаматы, Жезқазғанның бас ақыны, "Шындық" термесінің авторы Шынболат Ділдебаевтың өмірі мен шығармашылығын жаңғырту мақсатында "Шынболаттың шындығы" атты спектакльдің премьерасы өтті.


Ел ертеңі үшін  ерең еңбек етіп, кенші қызметін атқара жүріп, Жезқазқанда алғашқы театр ашқан ерлігі мен еңбегі бағаланбай кеткен есіл ер. Кеншілер арасынан актерлер іздеп, басшылықтың қарсылығына тап болса да, бастаған ісін аяқтамай қоймайтын табандылығының арқасында бүгіңгі күні  Сәтбаевта кеншілер сарайы жұмыс істеп, қазақ руханиятының дамуына өз үлесін қосып келеді. Спектакль Шынболат Ділдебаевтың өмірінен үзінділер бере отырып, ел үшін жасаған ерең енбегін толыққанды ашып көрерменге жеткізді. Спектакльдің қоюшы режиссері, Мәдениет саласының үздігі Сүндет Сәрсенов. Шынболат Ділдебаевты сомдаған Қазақстанның мәдениет қайраткері, Астанадағы "Жастар театрының" негізін қалаушы, кино және театр актері Азамат Есқұлов  Музыкалық режиссері Жандәулет Батай,  балетмейстер Мейіржан Тулегенов, анасының ролін сомдаған С.Қожамқұлов атындағы  Жезқазған облыстық қазақ музыкалық театрының әртісі Гүлдер Сейткенова, шахта директорын қуыршақ театрының әртісі Думан Әбілтаев сомдады. Пьесаны авторы, журналист ролінде Асылбек Байжұмаұлы  және Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайының жастар театры үйірмесінің әртістері мен Жезқазғандағы музыкалық колледжінің "актерлік шеберлік" бөлімінің студенттері атсалысты.


Спектакльдің  продюссері Олжас Талғат. Олжас Талғатұлы бұған дейін Сәтбаев қаласында өткен Тайжан ақын республикалық байқауын да жоғары деңгейде өткізіп ел алғысына бөленген азамат. Спектакль көрермен  көңілінен шықты. Шынболат Ділдебаевтың жары Гүлсара, бауыры Амантай Көдейұлы және Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев, Жезқазған қаласының құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген құрметті металлургі,  ғалым Төлеген Бүкіров, жазушы, драматург, журналист Газиз Ештанаев ел атынан ризашылықтарын білдірді.


Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев  спектакльді қойған өнер ұжымдарына алғысына білдіре отырып, алғыс хаттармен марапаттап, иықтарына шапан жауып "еліміздің рухани дамуына, мәдениетіне қосып жатқан үлестері үшін" рахметін айтты. 


 Биыл Сәтбаевтағы кеншілер сарайына Шынболат Ділдебаевтың есімі 2000-жылы ҚР Премьер-министрі Қ.Тоқаевтың қаулысымен берілгеніне 25 жыл және ағамыз 88 жасқа толады екен. Артына өшпес мұра қалдырған ұлы тұлған өскелең ұрпаққа насихаттап, есімін ел есінде мәңгілік сақтау үшін осындай игі шаралар тұрақты түрде өткізіп отыру керек. Мұның ішінде Шынболат ақын атындағы айтыстар, "Шынболат өлеңдерінің онкүндігі" сынды шаралар  өткізіп, Қазақстан  Президентінің "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялануына байланысты нағыз тақырыпқа сай кеп тұрғанын ескере отырып, Мәдениет және ақпарат министрлігіне толыққанды Шынболат ағамыздың өмірі мен еңбегіне қатысты үлкен кино түсіру жағын қарастырып, биылғы даталы жылында қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.


Бұл Ұлытау тұрғындарының, Ұлытаудағы қайраткерлердің тілегі мен біз арқылы Президент Тоқаевқа  жеткіз деген аманаты. Қазақ қоғамына Шынболат Ділдебаев шығармашылығын насихаттау бір адамның ғана емес, баршы қоғамның міндеті әрі парызы деп есептейміз.