Жоғары аудиторлық палатаның құзыреті кеңейтіліп, мәртебесі күшейтілді. Бұдан былай палата мемлекеттік бюджет жобаларын бақылаумен ғана шектелмейді.
Президенттің арнайы жарлығына сәйкес, Жоғары аудиторлық палата бюджеттің әр теңгесіне дейін түгендеп, қажет болса, қаражаттың заңсыз жұмсалуына байланысты сотқа талап-арыз түсіре алады.
Палата бюджет қаржысын орнына қайтару, келген шығынды өтеу және берген нұсқаулықтарының орындалуын да сот арқылы талап ете алады.
Жаңа ережеге сай, ведомство Үкімет ұсынатын республикалық бюджет жобасын негізгі шығын бағыттары бойынша алдын ала сараптайтын болады. Сонымен қатар облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар, елорда бюджеттерін қалай жоспарлау керектігі туралы ереже әзірлеу де палатаның міндетіне жүктелді.
Әкімдіктер мен мәслихаттарға бюджеттік бағдарламалар бойынша қажетті құжаттарды жинап, сараптама қорытындысын ұсыну да палата мойнында.
Құжаттағы ең маңызды өзгерістердің бірі Жоғары аудиторлық палатаның бюджеттен тыс қорлардың қаржысына да тексеру жүргізетіні.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата ғылым саласына бөлінген бюджет қаражатының мақсатсыз және тиімсіз жұмсалғанын анықтаған еді. Ғылымға бөлінген 219 млрд теңгенің елеулі бөлігі нақты нәтижесіз жұмсалған, ал қаржылық заң бұзушылық көлемі 1,7 млрд теңгеге жеткен болатын.
Сарапшылардың айтуынша, "қазақтың Әлиханы" басқаратын палатаның құзыретінің күшеюі бюджет қаражатын жұмсауда тәртіпті нығайтып, мемлекеттің қаржы саясатының ашықтығын арттыруға ықпал етуі тиіс. Ұлттық қауіпсіздікке қатысы бар мәселелердің аудитіне араласу палатаның саяси салмағын арттырады.