Munarmedia.kz. 22.07.2025 ж. /Астана/-Түркістан облысында білім беру саласында бұрын-соңды болмаған жемқорлық дерегі бойынша 46 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Жетісай аудандық білім бөлімі қызметкерлері 4 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыпталып отыр. Бұл туралы Otyrar және Kazinform агенттіктері хабарлады.
Сот материалдарына сәйкес, 2021–2023 жылдар аралығында айыпталушылар білім бөлімінің бюджетінен жалақыны жалған қызметкерлердің атына аударып отырған. Тергеу барысында анықталғандай, "өлі жандар" ретінде рәсімделген бұл адамдар — сотталушылардың туыстары мен таныстары, яғни ешқашан мектепте жұмыс істемеген, бірақ штатта бар болып көрсетілген.
Қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары ретінде аудандық білім бөлімінің екі басшысы мен бас бухгалтер танылды. Олармен бірге мектептерде жұмыс істеген 43 бухгалтер сот алдына келіп, орындаушылар ретінде айыпталды.
Айыпталушыларға аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену, пара беруге итермелеу және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру баптары бойынша айып тағылған. Тергеу барысында басшылар кінәсін мойындамағанымен, көптеген бухгалтер кінәларын ішінара мойындап, келтірілген залалдың бір бөлігін қайтарды. Сот процесі барысында мемлекетке 800 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылған.
Алқабилердің қатысуымен өткен сот үкіміне сай, екі басшының бірі 10 жылға, екіншісі — 9 жылға бас бостандығынан айырылды (соңғысына кәмелетке толмаған балаларына байланысты жазаны өтеу кейінге шегерілді). Тағы екі адамға қатысты айып "немқұрайлылық" бабына ауыстырылып, олар 1 жылға бостандығын шектеу жазасын алды.
Қалған сотталушылардың 12-сі нақты 5–8 жыл аралығында түрме жазасын алды, 18 адам шартты түрде сотталды, ал 4 адамға үкімді орындау бес жылға кейінге қалдырылды. Тағы 8 адамға 1 жылдан 3 жылға дейін бостандықты шектеу жазасы тағайындалды.
Мемлекетке келген шығынды өндіріп алу мәселесі азаматтық сот өндірісіне берілді. Айта кету керек, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұл іс – Қазақстанда білім саласындағы бақылаудың әлсіздігі мен жергілікті деңгейдегі жүйелі жемқорлықтың тағы бір айқын көрінісі болып отыр.