Радикалдарға жазылғаны үшін – Ресейге жол жабық

117

Munarmedia.kz. 22.07.2025 ж. /Астана/-Ресей Федерациясы Тәжікстан мен Өзбекстан азаматтарының елге кіруіне тыйым салды. Себеп – олардың смартфондарынан радикалды және тыйым салынған ұйымдарға қатысы бар Telegram арналарына жазылғаны анықталған. Бұл туралы ТАСС агенттігі сот құжаттарына сілтеме жасап хабарлады.

Сот материалдарында келтірілген деректерге қарағанда, Тәжікстан азаматы Дилшод А. Ресей шекарасынан өте алмаған. Себебі оның телефонында Ресей аумағында тыйым салынған діни ағымдардың уағызшылары жүргізетін арналарға жазылымы болған. Бұдан бөлек, ол антиресейлік үгіт-насихат сипатындағы контентті де тұтынып келген. Құзырлы органдардың мәліметінше, бұл факт оның ел қауіпсіздігіне төнетін қауіп дәрежесін айғақтайды.

Ұқсас жағдайда өзбекстандық азамат Акмалжон Б. да Ресейге кіре алмады. Оның мобильді құрылғысынан радикалды діни блогерлердің арналарын көру тарихы және террористік ұйымдардың әрекеттерін сипаттайтын видеоматериалдар табылған. Шекара қызметі өкілдері бұл қызығушылықты қауіпсіздікке қатер ретінде бағалап отыр.

ТАСС дерегінше, кейбір шетелдіктер Ресей шекарасына жеткенде телефондарындағы мессенджерлерден хат алмасулар мен жазылымдарды өшіріп үлгеруге тырысқан. Алайда шекара қызметі олардың құрылғыларынан құқық қорғау органдарын сынаған жазбалар мен Украинаға қолдау білдіретін каналдарға жазылымдарды анықтаған.

2024 жылғы 22 наурызда «Крокус Сити Холлда» болған терактіден кейін Ресей шекара бақылауы күрт күшейген еді. Содан бері бір жарым жыл ішінде Тәжікстан мен Өзбекстанның 20-дан астам азаматы шекарадан кіруге тыйым салу туралы шешімді сот арқылы қайта қарауға тырысқанымен, бірде-бір жағдайда жеңіске жете алмады. Соттар олардың арызын негізсіз деп таныған.

Бұл жағдай Ресей билігінің қауіпсіздік шараларын шетел азаматтарына қатысты барынша қатаңдатқанын көрсетіп отыр. Енді діни контентке деген қызығушылық немесе әлеуметтік желідегі жазылымның өзі көші-қон шектеуіне себеп болуы мүмкін.