Зеленский Украина мен Ресей арасындағы келіссөздің күнін атады

21

Munarmedia.kz. 22.07.2025 ж. /Астана/-Украина мен Ресей арасындағы кезекті келіссөздер раунды 23 шілде күні Стамбулда өтеді. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский өзінің бейнеүндеуінде мәлімдеді.

Зеленскийдің айтуынша, Киев тарапы келіссөздер барысында үш негізгі мәселені көтеруді жоспарлап отыр:

▪️ соғыс тұтқындарын алмастыру;
▪️ Ресейге күштеп әкетілген украиналық балаларды қайтару;
▪️ екі ел көшбасшыларының ықтимал кездесуіне дайындық.

Бұл – тараптардың Түркия аумағында өткізгелі отырған үшінші келіссөз раунды. Бұған дейінгі кездесулер 16 мамыр мен 2 маусымда өткен. Ол кезде де тұтқындармен алмасу бойынша белгілі бір уағдаластыққа қол жеткізіліп, тараптар қақтығысты реттеуге қатысты меморандум жобаларымен алмасқан болатын.

Киев пен Мәскеу арасындағы тікелей байланыс пен диалогтың қайта жандануы — ұзаққа созылған соғыс жағдайында саяси шешім іздеудің жалғыз жолы болып қалуы мүмкін. Алайда, сарапшылар бұл процестің оңай болмайтынын және нақты нәтижеге жету үшін ұзақ келіссөздер қажет болатынын алға тартуда.

Фото: Владимир Зеленскийдің телеграм-арнасынан алынған.