Munarmedia.kz 13.12.2025 /Астана/ Түркістан облысындағы Қазығұрт аудандық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде 115 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.
Агенттік нұсқасына сәйкес, медициналық мекеме басшысы медициналық газбен жабдықтау жүйесін орнатуға арналған ірі тендерді әдейі бірнеше ұсақ келісімшартқа бөлген. Мұндағы мақсат — бағаны жасанды түрде көтеру және ашық конкурс өткізуден жалтару болған.
Қылмыстық схемаға бас дәрігердің танысы да тартылған. Ол өз туыстарының атына жалған компаниялар тіркеп, оларды «делдал» ретінде пайдаланған. Медициналық жабдықты нақты жеткізуді үшінші бір компания жүзеге асырғанымен, құжат жүзінде барлық операциялар «өздеріне тиесілі» кәсіпорындар арқылы рәсімделген. Кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген.
Қазіргі уақытта бұрынғы бас дәрігер кепілмен босатылған, ал оның сыбайласы үйқамаққа алынған. Сонымен қатар Астана қаласындағы оның пәтеріне тыйым салынған.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.