Түркістан облысында әкесін азаптап өлтірген ұлға 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуда

32

Munarmedia.kz 17.09.2025/Астана/-Түркістан облысы Шардара ауданының полиция бөлімінде «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу дерегінше, қарт әкесіне ұзақ уақыт бойы зәбір көрсеткен күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сонымен бірге, қылмыстық іске күдікті ретінде оның әйелі де тартылды. Жарияланған бейнежазбаларда әйелдің де қайын атасына жасалған қорлықтарға қатысы бары байқалады. Қазір оған қатысты «Адамды топ болып ұрып-соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл бапқа сәйкес, әйелге 100-ден 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 50 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.

«Қазіргі таңда барлық мән-жайларды анықтау бойынша тергеу жүргізілуде. Бұл ретте қылмыстық процеске қатысы бар барлық адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», – деп хабарлады Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сонымен қатар, ведомство тарапынан қарт кісі мен өзге де тұлғалардан бұрын-соңды полицияға зорлық-зомбылық туралы арыз түспегені айтылды.

Бұл жағдайдың тағы бір қыры бар: көршісі жасырын түрде қартты азаптап, ұрып-соғу сәттерін видеоға түсіргенімен, полицияға дер кезінде хабар бермеген. Сондықтан ол да жауапкершілікке тартылуы мүмкін.