Көкшетауда көпбалалы отбасылардың балабақшадағы тегін тамақтану құқығы қайта қаралды

20

Munarmedia.kz 17.09.2025/Астана/-Көкшетауда көпбалалы отбасылардың балалары үшін балабақшадағы тегін тамақтану жеңілдігі өзгертілді. Облыс әкімдігінің мәлімдеуінше, енді көпбалалылықтың өзі бұл жеңілдікке негіз бола алмайды. Жаңа талаптарға сәйкес, тегін тамақтану тек әлеуметтік қолдауға шын мәнінде мұқтаж отбасыларға ғана беріледі.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренованың айтуынша, бұрын барлық көпбалалы отбасылар еш ерекшеліксіз тегін тамақтану құқығына ие болатын. Алайда жаңа ережелер бойынша жеңілдік мақсатты сипат алды.

«Мәселен, жеті баласы бар, әкесі ірі кәсіпорын басқаратын отбасы да бұған дейін осы қызметті пайдаланған. Бүгінде олардың табысы балалардың балабақшадағы тамақтануын өздері төлеуге жеткілікті. Сондықтан мұндай отбасылар үшін жеңілдік алынып тасталды», – деп түсіндірді Әмренова.

Сонымен қатар, ол тегін тамақтану құқығы атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасыларда, сондай-ақ жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларда сақталатынын атап өтті.

Әмренованың сөзінше, бұл өзгерістер Президент Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес жүзеге асырылып отыр. Яғни әлеуметтік қолдау ең алдымен оған шын мәнінде зәру жандарға бағытталуы тиіс.