Ақмола облысындағы колледждерде бюджет қаржысын жымқыру мен тиімсіз пайдалану фактілері анықталды

27

Munarmedia.kz 17.09.2025/Астана/-Ақмола облыстық ревизиялық комиссиясының кезекті тексерулері өңірдегі бірқатар колледждерде бюджет қаражатын жымқыру және оны тиімсіз пайдалану деректерін әшкереледі.

Щучинск қаласындағы Жоғары педагогикалық колледжде заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 155,3 млн теңгені құрады. Колледж жатақханаларында бөлмелер негізсіз жалға беріліп отырған, ал спортзал бөгде адамдарға ақысыз пайдалануға берілген. Материалдық-техникалық базаны жаңартуға бөлінген 169,3 млн теңгеге қарамастан, арнайы оқу кабинеттері ашылмаған. Бұдан бөлек, оқу орны заңсыз түрде кейбір мамандықтар бойынша сырттай оқыту жүргізген.

Атбасар аграрлы-индустриялық колледжінде бұзушылықтар көлемі 45,9 млн теңге болды. Тексеру барысында 19,7 млн теңге көлеміндегі дебиторлық берешек жасырылғаны, директор мен оның орынбасарларына 1,6 млн теңге заңсыз үстемақы берілгені, сондай-ақ бухгалтерлерге 1,1 млн теңге артық жалақы есептелгені анықталды.

Ең ірі заңбұзушылықтар Көкшетау жоғары колледжі «Арнадан» табылды. Мұнда бұзушылықтар сомасы 568,3 млн теңгеге жеткен. Колледж білім басқармасымен жасалған келісім бойынша 576,6 млн теңгеге жабдық сатып алуы тиіс болған, алайда шын мәнінде тек 8,3 млн теңгеге ғана құрал алынған. Қалған қаражаттың қайда жұмсалғаны белгісіз. Соның салдарынан оқу орны бүгінгі күнге дейін ескі базамен жұмыс істеуде: заманауи компьютерлер, лицензиялық бағдарламалар, зертханалар мен практикалық алаңдар жоқ.

Тексеру қорытындысында білім басқармасының мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде формалды түрде әрекет еткені және бөлінген бюджет қаржысының жұмсалуын бақыламағаны атап өтілді.

Сонымен қатар, білім беру қызметтерінің құны бойынша сәйкессіздік анықталды: мемлекеттік тапсырыс бойынша бір студентке жылдық шығын орта есеппен 476 373 теңгені құрайды, ал ақылы негіздегі оқу құны небәрі 227 500 теңге. Мұндай айырмашылық бюджет есебінен шығындарды жабу және демпингтік саясат жүргізу ықтималдығын көрсетеді.

Жалпы, тексерулер нәтижесінде Ақмола облысының ішкі мемлекеттік аудит департаментіне 24 материал жолданды. Нәтижесінде 16 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 2 млн 595 мың теңге айыппұл салынды, сондай-ақ бір заңды тұлғаға 1 млн 572 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Бұдан бөлек, үш материал полиция департаментіне, жеті материал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметіне жолданды.