Трамп: «Зеленский соғысты Қырымнан және НАТО-дан бас тарту арқылы тоқтата алады»

71

Munarmedia.kz.18.08.2025 /Астана/-АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленский Вашингтонға сапар шегер алдында мәлімдеме жасап, Киев тек екі шартқа келіскен жағдайда соғысты тоқтата алатынын айтты. Бұл туралы Exclusive.kz BBC-дің орыс қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Трамптың айтуынша, «Зеленский соғысты дерлік бірден тоқтата алады, егер қаласа. Әйтпесе күресті жалғастыруына тура келеді. Естеріңізге түсіріңіздер, барлығы қалай басталғанын. Қырымға қайта оралудың қажеті жоқ — ол Обаманың тұсында 12 жыл бұрын бірде-бір оқ атылмай берілген! Сондай-ақ НАТО-ға кіруден бас тарту керек», — деп жазды ол өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында.

Дүйсенбі күні Зеленский Ақ үйде Трамппен келіссөздер өткізеді. Оған Ұлыбритания, Италия, Германия, Франция және Финляндия лидерлері, сондай-ақ НАТО бас хатшысы мен Еурокомиссия төрайымы да ілеседі. Бұл мемлекеттердің барлығы АҚШ президентінің Владимир Путинмен кездесуінен кейін Украинаға қолдау білдірген еді.

Осы сапар қарсаңында Зеленский Брюссельде Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен кездесіп, баспасөз мәслихатында Ресеймен нақты келіссөздер қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай келіссөздер тек қазіргі майдан шебінде өтуі мүмкін және оны үшжақты форматта — Украина, Ресей және АҚШ президенттері талқылауы тиіс. Сонымен қатар, Зеленский Украинаның қауіпсіздік кепілдіктері туралы мәселе көтеріп, бұл кепілдіктердің маңызды бөлігі ретінде елдің Еуроодаққа мүше болуы аталады деді.

Фон дер Ляйен өз кезегінде, Еуропа қантөгіс жалғасқанша Ресейге қарсы санкциялық қысымды тоқтатпайтынын мәлімдеді.

Айта кету керек, Ресей соғысты тоқтатудың басты шарты ретінде бірнеше рет Қырымнан және НАТО-ға қосылудан бас тартуды ұсынған болатын.

Бұған дейін Аляскада Владимир Путинмен келіссөз жүргізгеннен кейін Трамп уақытша бітім жасау идеясынан бас тартып, бірден тұрақты бейбіт келісімге ұмтылу қажет екенін жариялаған еді.

Фото: Reuters