Табиғатты сақтап жүріп табыс табуға бола ма?

51

Munarmedia.kz 18.08.2025/Астана/-Дүниежүзілік банк құрылымына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясы жуырда эколог Ольга Лакустованы «Климатқа ықпал еткен әйел» деп таныды. Ол — «Жасыл миссия» қоры мен Kelp Farms жобасының негізін қалаушы. Біз Ольгамен әңгімелесіп, оның экологиялық қозғалысқа қалай келгенін және табиғатты қорғауды табыс көзіне айналдыру тәжірибесін білдік.

Экологияға апарған жол

— Білімім бойынша мен қаржыгер әрі маркетологпын. Әлемнің түкпір-түкпірін аралап жүріп, адамның табиғатқа тигізген орасан зиянын көзіммен көрдім: су мен ауа ластанып, ормандар кесіліп, жануарлардың жүздеген түрі жойылып барады. Туған жерім Пермьде Урал таулары мен тайга бар — ғажайып табиғат. Бірақ қазір ол жақта тек ағаш кесетін зауыттар мен орман тиеген жүк көліктері. Жануарларға мекен, адамдарға таза ауа қалдыруды ешкім ойламайды…

Экология тақырыбына келуім ішкі мағынаны қайта табумен байланысты болды. Кәсіби білімімді табиғатқа көмек көрсету үшін пайдалануға болатынын түсіндім. Мысалы, 1945 жылы КСРО-да небәрі 12 ғана зубр қалғаны анықталды, олардың барлығы зоопаркте еді. Ал зубр — табиғатты қалыптастырушы жануар, Африкадағы піл сияқты. Ол жол салып, орманға тіршілік береді. Жануардың бір түрі жоғалса, оның салдары бүкіл экожүйеге тиеді. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда да зубр популяциясын қалпына келтіру мүмкін болды. Демек, кез келген мәселені шешуге болады, тек соны түсіну керек.

«Жасыл миссия»: пайда мен табиғат үйлессе

— Алғашқы кәсіби қадамым WWF Ресей бөлімшесінде өтті. Бұл ұйым тамаша жобалар жасайды, бірақ олар кәсіпкерлікті қолдамайды. Ал мен табиғат қорғаудың өзін-өзі ақтайтын бизнеске айналуына қызықтым. Сондықтан «Жасыл миссия» қорын құрдым. Оның басты міндеті – биоалуантүрлілікті сақтауға мемлекетке көмектесу.

Алғашқы жобамыз Хабаров өлкесіндегі Бикин ұлттық паркінде іске асты. Бұл өңірді кезінде Владимир Арсеньев «Дерсу Узала» кітабында сипаттаған. Бір ғасырдан бері өзгермеген миллион гектарлық тайгада 54 жолбарыс мекендейді. Бірақ аймақ шекарасында тұратын 300-дей удэгейдің күнкөріс көзі жоқ. Браконьерлікке барулары заңды құбылыс еді.

Біз ең белсенді тұрғындарға шағын грант бердік: біреуі қонақүй ашты, біреуі ағаш өңдеу, ұлттық қолөнер кәсібін дамытты. Тіпті бір жасөспірімге хаски арбасын үйретіп, щенкалар әпердік. Нәтижесінде жарты жылда жергілікті халық 2 млн рубль тапты. Адамдардың дүниетанымы өзгерді: олар жолбарысты олжа емес, турист тартатын байлық деп қабылдай бастады.

Алтайда браконьер болған азамат қазір жекеменшік қонақүй, жолаушылар тасымалы бизнесін жүргізіп отыр. Бұрын қар барысын аулаған ол енді сол жануардың жойылып кетпеуіне мүдделі.

Тағы бір мысал – Катун қорығында біз «Бал музейін» аштық. Бұл жоба браконьерлікпен күресудің орнына жергілікті халыққа бал, дәрілік өсімдік, кәдесый сатудан пайда табуға жол ашты. Қазір музейге жылына 12 мыңға жуық адам келеді, ал тұрғындар қорықты одақтас ретінде қабылдай бастады.

Жаңа бағыт: теңізді сақтайтын балдырлар

— Бір күні ғалымдардан теңіз балдырлары көмірқышқыл газын жұту әдісін қаржыландыруды өтінген ұсыныс түсті. Балдырлар орманнан 70 есе артық CO₂ сіңіре алады екен. Сонымен қатар олардан биотопливо, тыңайтқыш, тағамдық қоспа, бояу, тіпті мата да жасауға болады. Ең бастысы, теңізді мұнай төгінділерінен тазартады.

Біз Грузияда Kelp Farms компаниясын тіркеп, алғашқы теңіз фермасын Жапон теңізінде аштық. Кейін Қара теңізде бірнеше сынақ фермасын орнатып, технологияны түрлі климатқа бейімдедік.

2025 жылғы Қара теңіздегі мазут төгілуі теңіздердің қаншалықты осал екенін көрсетті. Біздің зертханада қоңыр балдыр цистозира бір айдың ішінде 82% мұнай қалдығын жойды. Бұл теңіз порттары мен мұнай терминалдары маңында «биосанитарлық» балдыр фермаларын орналастыруға болатынын дәлелдеді.

Мемлекет пен бизнес реакциясы

Ресей билігі біздің жобаларға кедергі келтірмеді, бірақ қолдау да көрсеткен жоқ. Ал мұндай бастамаларды салықтық жеңілдіктер немесе марапаттар арқылы ынталандыру керек еді. Өйткені табиғат қорғау нәтижесі бірден емес, ондаған жылдардан соң байқалады.

Грузияда біз ферма орнатуға рұқсатты жеке кәсіпкерлерден алдық, биліктен жауап болмады. Ал Еуропада ESG құралдары жақсы жұмыс істейді: экологиялық бизнесті арзан несие, ұзақ мерзімді келісімшарттар және тұтынушы сенімі қолдайды.

— Экологиялық саясат елдің өркениеттілік деңгейін айқындайды, — дейді Ольга Лакустова. – Біз Қазақстанда Каспийдегі экожобалардың дамып келе жатқанына қуаныштымыз. Жергілікті экологтармен байланыстамыз, алдағы жылы Каспий теңізінде теңіз суын мұнай қалдықтарынан тазартатын балдыр фермасын ашуды жоспарлап отырмыз.

Алина Раевски