Трамп ЕО-ға Үндістан мен Қытайға қарсы 100%-ға дейін кедендік тариф енгізуді ұсынды

41

MUNARMEDIA.KZ 11.09.2025 /АСТАНА/-АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропалық одаққа Ресей мұнайын сатып алатын мемлекеттерге қарсы 50–100 пайыздық кедендік тарифтер енгізу туралы бастама көтерді. Бұл шара ең алдымен Қытай мен Үндістанға бағытталмақ.

Exclusive.kz DW-ға сілтеме жасап хабарлағандай, Вашингтон ЕО-мен келісілген жағдайда ресейлік мұнайды сатып алушыларға қарсы қосымша тарифтерді кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.

AFP агенттігінің деректеріне сүйенсек, Трамп АҚШ пен Еуроодақ арасындағы келіссөздерге тікелей араласып, «Ресейдің соғыс машинасының басты қаржылық көзі – Қытай мен Үндістанның мұнай импорты. Егер осы арнаны жаба алмасақ, әскери әрекеттерді тоқтату мүмкін емес» деп атап өтті.

Келіссөздерге АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент, Сауда өкілдігінің өкілдері мен Мемлекеттік департаменттің қызметкерлері қатысқан.

АҚШ тарабының айтуынша, Трамп «әрекет етуге дайын», алайда бұл бағытта Еуроодақтың да бірлесіп қадам жасауы қажет деп есептейді. Сондай-ақ ресми өкіл 85 сенатордың қолдауына ие болған заң жобасын еске салды. Ол құжат президентке Ресеймен сауда жасайтын мемлекеттерге қарсы екінші реттік тарифтер енгізуге мүмкіндік береді. Дегенмен дипломаттар «Еуропарламенттің саяси еркі жеткілікті бола ма?» деген күмән бар екенін жеткізді.

Тарифтер мәселесінен бөлек, ресейлік суверенді активтерді бұғаттау тақырыбы да талқыланған. Бұған дейін Трамп Ресейдің Украинаға қарсы шабуылдары жалғасқан жағдайда жаңа санкциялар енгізуге дайын екенін айтқан еді.

Еуроодақ 2022 жылғы Ресейдің Украинаға басып кіруінен бері 19-шы санкциялық пакетті әзірлеп жатыр. Жаңа құжатта Мәскеуге шектеулерді айналып өтуге жәрдемдесетін елдерге қарсы екінші реттік санкциялар кеңейтілмек. Дереккөздерге қарағанда, Германия мен Франция бұл пакетке ресейлік «Лукойл» компаниясына қарсы шараларды енгізуді талап еткен.

Айта кетейік, 7 қыркүйекте Дональд Трамп Ресейдің Украинаға жасаған ең ірі әуе соққысынан кейін Мәскеуге жаңа санкциялар салатынын ескерткен. Ал 8 қыркүйектегі кездесуден соң министр Скотт Бессент X әлеуметтік желісінде «барлық нұсқалар үстелде тұр» деп жазды.

Бұған дейін, тамыз айының басында, Трамп Ресей мұнайын сатып алып отырғаны үшін Үндістанға 25 пайыздық тариф енгізген еді. Кейін бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін арттырылды. Ал 3 қыркүйектегі еуропалық лидерлермен әңгімеде ол Еуропаны Қытайға қысым жасауға шақырып, сонымен бірге Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуды талап етті.

АҚШ Энергетика министрі Крис Райттың сөзінше, егер Еуропа ресейлік мұнай мен газдан түбегейлі бас тартса ғана Вашингтон Мәскеуге қарсы санкцияларды қатаңдатуға барады.