MUNARMEDIA.KZ 11.09.2025 /АСТАНА/-Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Исламабадқа жасаған ресми сапары аясында Пәкістанның саяси басшылығымен және жетекші компанияларымен келіссөздер өткізді. Әрбір кездесу практикалық сипат алып, жаңа жобаларды іске қосуға бағытталды.
Іскерлік ынтымақтастық
«Fauji Foundation» қорының бас директоры Анвар Али Хайдермен келіссөздерде қордың еншілес кәсіпорындары – Fauji Fertilizer, Mari Energies, Askari Bank және Fauji Food компанияларымен әріптестікті кеңейту мәселесі қаралды. Ауыл шаруашылығы, тыңайтқыштар өндірісі, азық-түлік, құрылыс материалдары және қаржы секторы негізгі бағыттар ретінде айқындалды. «Fauji Foundation» мен «Самұрық-Қазына» қоры арасында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге уағдаластыққа қол жеткізілді.
Көлік-логистикалық серіктестік
«National Logistics Corporation» басшысы Фаррух Шахзадпен кездесу барысында қазақ-пәкістандық бірлескен консорциум құру бастамасы талқыланды. Бұл жоба екі елдің жетекші операторларын біріктіріп, қолда бар инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және өзара жеткізілім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«TCS Logistics» компаниясының төрағасы Халид Наваз Аванмен келіссөздерде Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мәселесі көтерілді. Министр Нұртілеу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік-логистика жүйесін дамытуға басымдық бергенін атап өтті. Ең маңызды бастамалардың бірі – Қазақстанды және Орталық Азияны Пәкістан нарығымен байланыстыратын, әрі Парсы шығанағы мен Оңтүстік-Шығыс Азияға шығаратын Ауғанстан арқылы өтетін теміржол құрылысы.
Сауда-экономикалық блок
Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шәккәлиев пен Пәкістанның Сауда министрі Джам Камал Хан арасындағы кездесуде екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына жеткізу міндеті қойылды. Ауыл шаруашылығы, былғары өнеркәсібі, ІТ және шағын бизнес салалары перспективалы бағыттар ретінде белгіленді. Сондай-ақ бірлескен көрмелер мен сауда миссияларын өткізу, бизнес-қауымдастықтардың, соның ішінде былғары өнеркәсібі бірлестіктерінің тікелей әріптестігі жөнінде келісім жасалды.
Теңіз қатынастары
Көлік министрі Нұрлан Сәуренбаев Пәкістанның теңіз көлігі министрлігімен келіссөз жүргізді. Карачи, Касим және Гвадар порттарын пайдалану арқылы Орталық Азияға Аравия теңізіне шығу мүмкіндігі қаралды. Қазақстандық тарапқа салықтық және логистикалық жеңілдіктер ұсынылды. Теңіз бағытындағы әріптестік ұзақ мерзімді стратегиялық сала ретінде айқындалды.
Саяси және гуманитарлық өлшем
Пәкістанның Сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дармен өткен кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, көлік инфрақұрылымын нығайту және ауыл шаруашылығы, энергетика, ІТ салаларындағы ынтымақтастық талқыланды. Министрлер тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу ортақ міндет екенін және нақты іс-қимылдарды қажет ететінін атап өтті.
Тараптар халықаралық ұйымдарда – БҰҰ, СВМДА, ШЫҰ және ИЫҰ алаңдарында үйлесімді әрекет етуге дайын екендерін растады. Туризм, білім беру және спорт салаларындағы гуманитарлық алмасуларға ерекше мән берілді. Нәтижесінде Қазақстан мен Пәкістан Сыртқы істер министрліктері арасында 2025–2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.
Жоғары деңгейдегі кездесулер
Пәкістан Президенті Асиф Әли Зардари Нұртілеумен кездесуде екіжақты қатынастардың сенімді сипатын атап өтіп, өңірлік көлік жобаларын қолдайтынын білдірді. Ол іскерлік байланыстарды және халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін тікелей әуе қатынасын орнатудың маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде Нұртілеу Қасым-Жомарт Тоқаевтың Исламабадқа жоспарланған мемлекеттік сапары екіжақты қатынастардың жаңа кезеңін бастайтынын жеткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар сауда, өнеркәсіптік кооперация және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға уағдаласты. Маңызды қадам ретінде Пәкістан мен Қазақстан арасында транзиттік сауда туралы келісім әзірленіп, ол Орталық және Оңтүстік Азия үшін жаңа бағыттар ашады.