Munarmedia.kz, 30.04.2025 ж. АСТАНА. — АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық автокөлік өндірушілерге салық саясатының ықпалын азайту мақсатында бірқатар шара қабылдауға ниетті. Бұл жөнінде Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілі мәлімдеді.
АҚШ-тың Сауда министрі Ховард Лутниктің Reuters агенттігіне хабарлауынша, ел ішіндегі өндірісті ынталандыруға бағытталған бұл келісім — президент Трамптың сауда саясаты үшін үлкен жеңіс.
Президент Трамп шетелден келетін, америкалық көлік құрастыруда қолданылатын кейбір бөлшектерге салынатын импорттық баж салығын төмендетуді көздеп отыр. Сейсенбі күні ол президенттік қызметінің алғашқы 100 күніне арналған жиынды Мичиган штатында өткізбек. Аталған аймақта “Детройттың үш алыбы” деп танылған Ford, General Motors және Stellantis компанияларымен қатар, мыңнан астам жабдықтаушы мекеме жұмыс істейді.
Трамп бұған дейін тарифтерді өзінің экономикалық жоспарының өзегі деп атап, оны «сөздіктегі ең керемет сөз» деп сипаттаған болатын. Алайда енгізілген баж салығы жаһандық қаржы нарығында тұрақсыздық туғызып, кәсіпкерлер арасында сенімсіздік орнатып, экономикалық баяулау қаупін күшейтті.
Көлік саласына түсетін салық жүгін жеңілдету – Трамп әкімшілігінің саясатта икемділік көрсету әрекеті ретінде бағаланып отыр. General Motors компаниясының бас директоры Мэри Барра бұл шешімді жылы қабылдады.
«АҚШ-тың автокөлік өнеркәсібін және оған тәуелді миллиондаған америкалықтарды қолдаған президент Трампқа алғыс білдіреміз. Ақ үймен жүргізілген нәтижелі диалогты жоғары бағалаймыз және алдағы бірлескен жұмысты асыға күтеміз», – деді ол BBC арнасына берген сұхбатында.
Ford және Stellantis компаниялары әзірге бұл мәселеге қатысты ресми пікір білдірмеді.
Өткен аптада АҚШ-тың автомобиль өндірушілер альянсы шетелден жеткізілетін қосалқы бөлшектерге 25% салық салмау туралы Трампқа үндеу жолдаған болатын. General Motors, Toyota және Volkswagen компанияларын қамтитын бұл альянс Ақ үйге жолдаған хатында:
«Бұл шешім тұтынушылар үшін көлік бағасының өсуіне, дилерлік сатылымның төмендеуіне және жөндеу қызметінің қымбаттауына алып келеді», – деп жазылған.
Дональд Трамп бұған дейін бұл салықтың 3 мамырдан бастап күшіне енетінін мәлімдеген еді. Алайда сауда саласындағы бұл өзгерістерге байланысты әкімшілікке қысым күшейген. Осыған орай сарапшылар президенттің белгілі бір салаларда шегініс жасауы – алдағы сайлаулар алдында дауыс берушілердің көңілін табу әрекеті болуы мүмкін екенін айтады.