Munarmedia.kz, 30.04.2025 ж. – АСТАНА— АҚШ президенті Дональд Трамп қызметіне кіріскеніне 100 күн толуына орай Мичиган штатында өткен жиында мәлімдеме жасап, бұл кезеңдегі жетістіктерін атап өтіп, қарсыластарына сын айтты.
Ол президенттік өкілеттігін «терең өзгерістер жасау құралына» айналдырып жатқанын жеткізді. Республикалық партия өкілі Трамп сөз сөйлеу барысында демократиялық партиядан бұрынғы президент Джо Байденді келемеждеп, Федералдық резерв жүйесінің басшысын сынады. Сонымен қатар, өз беделінің төмендегенін көрсеткен сауалнамалардың нәтижесін жоққа шығарды.
Трамп АҚШ-қа заңсыз иммигранттардың келуін едәуір қысқартқанын айтты. Дегенмен, әлем бойынша сауда соғыстарының күшеюі экономикалық тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін екенін сарапшылар жоққа шығармайды.
"Біз енді ғана бастадық. Сендер әлі ештеңе көрген жоқсыңдар," – деді ол Детройттағы автокөлік зауытында сөйлеген сөзінде. Оның айтуынша, автоөндіруші компаниялар Мичиганда жаңа өндіріс орындарын ашуға ниетті және бұл бағытта ұзын-сонар кезек пайда болған.
АҚШ-тағы автоөндірушілер бағаның өсуі жайлы ескерткен соң, Трамп сейсенбі күні таңертең өзінің экономикалық стратегиясының өзегі саналатын шетелдік автокөліктер мен қосалқы бөлшектерге салынатын салықты жұмсартуға шешім қабылдады.
Сол жиын барысында ол рейтингтерінің төмендегенін көрсеткен сауалнамаларды «жалған» деп атады. Gallup зерттеу орталығының дерегінше, Трамп — Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғашқы 100 күн ішінде 50%-дан төмен қолдауға ие болған жалғыз президент. Оның қазіргі қолдауы – 44%. Дегенмен, республикалық партия сайлаушыларының көпшілігі Трампқа әлі де сенім білдіруде. Сауалнамаларға сәйкес, демократиялық партияның беделі де төмен деңгейде қалып отыр.
Трамп өз сөзінде иммиграциялық саясатта ілгерілеу барын атап өтті: өткен жылдың наурыз айында АҚШ-тың оңтүстік шекарасында 140 мың заңбұзушылық тіркелсе, бұл көрсеткіш биыл 7 мыңға дейін төмендеген.
Сейсенбі күні Ақ үй президенттің өкілеттігі басталғалы 65 700 мигранттың елден шығарылғанын хабарлады. Алайда бұл – өткен қаржы жылымен салыстырғанда баяу қарқын.
Трамп жиын барысында АҚШ-тан депортацияланған азаматтардың Эль-Сальвадордағы түрмелерге жеткізіліп жатқан бейнежазбасын көрсетті. Оның иммиграцияға қарсы саясаты құқықтық сын-қатерлерге жиі тап болды.
Сейсенбідегі сөзінде Трамп жұмыртқа бағасының 87%-ға төмендегенін айтты, алайда бұл дерек үкіметтің ресми статистикасымен сәйкес келмейді.
Трамп қызметіне кіріскеннен бері инфляция, энергия бағасы мен ипотекалық пайыздық мөлшерлеме аздап төмендегенімен, жұмыссыздық біршама өсіп, тұтынушылар сенімі төмендеп, қор нарығы тұрақсыздыққа ұшырады.