Munarmedia.kz, 30.04.2025 ж. – АСТАНА. Ресей мен Беларусь басшылары Беларусь аумағында ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрон) өндірісін бірлесіп қолға алуға дайын екендерін мәлімдеді. Бұл жөнінде Ресей Президенті Владимир Путин сейсенбі күні Волгоград қаласында Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен кездесу барысында хабарлады.
«Біз сіздердің мамандар мен өндірістік базаларыңызбен бірлесіп зауыттың іргетасын қалауға дайынбыз», — деді Путин, деп хабарлайды «Интерфакс» агенттігі.
Кездесу барысында Ресей басшысы орта қашықтыққа ұшатын ұшақтар шығаратын зауытты да Беларусьпен бірлесіп салу мүмкіндігін атап өтті. Бұған дейін Беларусь тарапы Ресейдің дрондарын қызығушылықпен зерттеп, көрмеге қатысқан болатын.
Беларусьтің мемлекеттік ақпарат агенттігі БелТА наурыз айының басында хабарлағандай, Ресей тарапы жылына 100 мың дрон шығаруға қауқарлы өндіріс орнын Беларусь жерінде салу туралы ұсыныс жасаған. Бұл бастама Ресей мен Беларусь арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі ретінде бағаланып отыр.
Ресей Президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары Максим Орешкин де бұл жоба туралы пікір білдіріп:
«Беларусьте құрылатын зауытта толықтай жергілікті технологиялар қолданылады және ол Ресей мен өзге елдердің өндірістік платформаларымен бірлесе жұмыс істейтін болады. Ең маңыздысы – бұл зауыт жылына 100 мың дрон шығаратын қуатқа ие болуы керек. Біз бұл жобаны бір жыл ішінде жүзеге асыруды көздеп отырмыз», – деді.
Бұл жоба екі елдің қорғаныс өнеркәсібін нығайтып қана қоймай, заманауи соғыс технологияларындағы өзара тәуелділікті арттыруға бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, Беларусь аумағында дрон өндірісін жолға қою — Мәскеудің НАТО-мен арадағы геосаяси шиеленістің фонында әскери әлеуетін нығайтуға ұмтылысының бір бөлігі болуы мүмкін.