Munarmedia.kz 15.12.2025 /Астана/ Қарағанды облысында қайғылы оқиға орын алып, теміржол жолына қызмет көрсету жұмыстарын атқарып жүрген төрт жұмысшы пойыздың астында қалып қаза тапты. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының (ҚТЖ) баспасөз қызметі хабарлады.
Берілген ақпаратқа сәйкес, 2025 жылғы 10 желтоқсанда сағат 17:15 шамасында Мойынты – Шығанақ учаскесінде, нақтырақ айтқанда Шешенқара – Қаражангыл аралығында жүк пойызының машинисі шұғыл тежеу қолдануға мәжбүр болған. Осы сәтте теміржол төсеміне тікелей жақын аумақта Сарышаған станциясынан шыққан жолшылар бригадасы жоспарлы түрде рельстерді ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатқан. Өкінішке қарай, қабылданған жедел шараларға қарамастан, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмаған, салдарынан төрт қызметкер алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапқан.
Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін жан-жақты анықтау мақсатында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Комиссияны «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның бас инженері басқарады. Оның құрамына сондай-ақ «ҚТЖ – Жүк тасымалдары» ЖШС мен Магистральдық желі дирекциясының басшылары енгізілген.
Қазіргі уақытта комиссия оқиға орнында тікелей тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда бұл жағдай еліміздің теміржол саласында орын алған жалғыз қайғылы оқиға емес екенін атап өткен жөн. Сарапшылардың айтуынша, теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамның тозуы салдарынан апаттық жағдайлардың жиілеуімен қатар, жұмыс берушілер тарапынан еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталмауына қатысты фактілер де тіркеліп отыр.
Мұндай ахуалға теміржол саласын оңтайландыру үдерісі, активтердің жекешелендірілуі және көптеген жеке компаниялардың бөлініп шығуы да әсер еткен. Нәтижесінде сапалы өндірістік қызметті қамтамасыз етуге, қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайы мен тұрақты табыс кепілдігін беруге қауқарсыз көптеген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер пайда болды. Бұл өз кезегінде теміржол көлігі жүйесінде ғана емес, Қазақстан Республикасының өзге де салалары мен секторларында өндірістік жарақат алу оқиғаларының көбеюіне алып келіп отыр.