Munarmedia.kz 15.12.2025 /Астана/ Қазақстанда Орталық Азия аумағында алғаш рет Starlink Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясының далалық сынақтары өткізілді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, сервисті толыққанды іске қосу 2026 жылғы ақпан айына жоспарланған.
Сынақ жұмыстарына Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, Beeline Қазақстан компаниясының президенті Евгений Настрадин және SpaceX (Starlink) мамандары қатысты.
Ресми ақпаратта айтылғандай, тестілеу барысында Starlink спутниктік желісі арқылы Beeline Қазақстанның жерүсті мобильді желісімен интеграция жасала отырып, кәдімгі ұялы телефонды пайдалану арқылы мессенджерде мәтіндік хабарламалар сәтті жолданып, сондай-ақ қоңырау шалынған.
Аталған технология шалғай және байланыс инфрақұрылымы дамымаған аймақтарда мобильді байланысты қамтамасыз ету мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.