Munarmedia.kz 15.12.2025 /Астана/ Ресейде «Крокус сити холлда» жасалған терактіні тікелей жүзеге асырды деген күдікпен ұсталған төрт адамның бірі — тәжікстандық Мұхаммадсобир Файзовтың* қорғау тарапы оны ұстау кезіндегі жағдайларға байланысты Ресейдің құқық қорғау органдарына ресми шағым жолдауға ниетті.
Аталған теракт барысында лаңкестер концерт залында қарусыз бейбіт тұрғындарға жаппай оқ жаудырып, ғимаратты өртеген. Соның салдарынан 149 адам қаза тауып, 609 адам жарақат алған.
Файзов — іс бойынша ең жас айыпталушы. Ол сот залына каталкамен жеткізілген. Қазіргі уақытта оның адвокаттары ұстау барысында «шектен тыс қаталдық» қолданылғанын алға тартып, шағым әзірлеп жатқанын «Mash» басылымы хабарлайды.
Істің негізгі фигуранттары 2024 жылғы 23 наурызда, терактіден бір күн өткен соң, Украинамен шекарадан шамамен 100 шақырым қашықтықтағы Брянск облысында қолға түскен. Олар автокөлікпен қашуға әрекет жасап, кейін құқық қорғау органдарынан орман ішінде жасырынған.
БАҚ мәліметінше, Файзов терактке қатысып, интернетте террористердің өз атынан таратылған бейнежазбаны түсірген. Алдын ала деректерге сәйкес, дәл осы Файзов «Крокустан» қашқан лаңкестер мінген автокөлікті басқарған және сол кезде сегіз жастағы баланы қағып кеткен.
«Mash» дерегіне сүйенсек, Файзов* ұсталудан қашу мақсатында орман ішінде шамамен 15–20 метр биіктіктегі ағаштың басына шыққан. Ол тепловизор арқылы анықталған. Құқық қорғау қызметкерлерінің айқайына да, ауаға атылған ескерту оқтарына да жауап бермеген соң, орманшы шақырылып, ағаш кесілген. Нәтижесінде Файзов ағашпен бірге құлап, кейін ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған.
Файзовтың* қорғаушылары терактке күдіктіні ұстау кезінде ресейлік құқық қорғау органдары «өкілеттіктерін асыра пайдаланған» деп есептейді.
Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы «Крокус сити холлдағы» терактке қатысқандарды халықаралық террористік ұйым ИГ* құрамына кіретін «Вилаят Хорасан»* тобының мүшелері деп санайды.
Бұған дейін ресейлік тергеушілер теракт орындаушылары ретінде аталған Тәжікстан тумалары — Шамсидин Фаридуни*, Саидакрами Рачабализода*, Далерджон Мирзоев* және Мұхаммадсобир Файзов* 2023 жылғы 1 маусымнан 2024 жылғы 22 наурызға дейін Түркия аумағында дайындықтан өткенін анықтаған. Аталған кезеңде олар атыс қаруын қолдану дағдыларын меңгерген. Сонымен қатар, Мұхаммадсобир Файзовтың* туған ағасы Түркия аумағында террористік ұйым мүшелері мен оның басшылығы арасындағы үйлестіруді жүзеге асырғаны айтылған.
Іс материалдарында терактіні орындаған үш адамның шабуыл кезінде есірткілік заттардың әсерінде болғаны да көрсетілген.
* Төрт күдіктінің барлығы Ресейде террористер мен экстремистер тізіміне енгізілген. ИГ және оның «Вилаят Хорасан» тобы — Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанда тыйым салынған террористік ұйымдар.