Экономист Расұл Рысмамбетовтің пікірінше, Қонаевтың іргесінде жаңадан салынып жатқан Алатау қаласы президент Тоқаевтың төл өнімі.
"Jusan Bank-тің атауы өзгеріп, Alatau City Bank (ACB) атануы кездейсоқ емес. Банк қаладағы инфақұрылымдық жобаларды қаржыландырумен айналысады", – дейді экономист.
Рысмамбетовтің сөзінше, жаңа қаланы қаржыландыруда сақтық танытуы қажет.
"Мұндай ірі жобаға Отбасы банк пен Бәйтерек холдингі де атсалысады", – дейді сарапшы.
Рысмамбетов Алатаудың тек сәнді көрме-жоба емес, нақты мақсаты бар, өңірлік мәні зор орталық боларына сенімді.
"Түнеукүні Астанада қаланың нобайы таныстырылды. Толық мастер-план жария етілген жоқ, десе де жақын уақытта Алматы облысында мүлде жаңа экономикалық орта қалыптасады", – дейді ол.
Пікірінше, жаңа қала Назарбаев қалап кеткен Астананың жолымен жүрмейді.
Рысмамбетов Алатауды мемлекет меншігінде ұстамай, өзге аймақтарды басқару стилінен бөлек, автономды негізде дамытуды ұсынып отыр.
"Әкім сайлау жүйесін енгізіп, инфрақұрылымын жеке компанияларға табыстау керек. Металлургиялық, мұнай компаниясының иелігіндегі компактілі қалалар көбіне дұрыс дамиды. Алатау қаласы осы бағыттағы алғашқы ірі жоба болуы мүмкін", – дейді экономист.
"Қапшағайдың қысы суық, ылғалды. Алатауда толықтай балама қуат көзін пайдаланып, тәуелсіз жылыту жүйесін сынауға мүмкіндік бар. Бұрынғы қателікті қайталамай, жаңа заманға лайық ақылды әрі жайлы қаланы қазірден бастап ойластыру керек", – дейді сарапшы.
Алатау қаласы Алматы-Қонаев тасжолының бойында орналасқан. Жаңа қаланың аумағына Жетіген ауылының жері, Қонаев қаласының бір бөлігі, сондай-ақ Іле және Талғар ауданының кейбір аумақтары енген. Жалпы ауданы 88 мың гектар.