Қандастар не күтеді – не көреді?
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы салт-дәстүрін сақтаған, тілі мен мәдениетін
жоғалтпаған қазақтардың алтын ұясы. Сол өңірдегі мыңдаған отбасы үшін Қазақстан
– тек тарихи Отан ғана емес, болашақпен байланысты үміт мекені. Соңғы жылдары
атажұртқа бет алған қандастардың саны артып келеді. Олардың қатарында жастар
басым, себебі білім алу, дамуға ұмтылу, ұлтпен қайта қауышу басты мақсатқа
айналған.
Қандас болу – жай ғана мәртебе емес.
Бұл елге сіңісу, мәдени мұраны сақтау,
ұрпаққа ұлттық рухты аманаттау, жауапкершілікпен өмір сүру. Қазақстанға оралып
жатқан әрбір отбасы тек бір адамның
тағдыры ғана емес, бүкіл ұлттың тұтастығы жолындағы маңызды қадам.
Қазіргі таңда Моңғолияда 100 мыңнан
астам қазақ өмір сүруде. Олардың
көпшілігі Баян-Өлгей аймағында тұрады.
Бұл өңірде қазақтар өз тілінде білім алады, бұқаралық ақпарат құралдарын
тұтынады, ұлттық мейрамдарды ашық атап өтеді. Бұл сырт көзге үлкен жетістік
болып көрінуі мүмкін. Бірақ жергілікті жастардың басым бөлігі болашағын
Қазақстанмен байланыстырып отыр. Өйткені тарихи Отаны тек естеліктердің мекені емес, даму мен
өркендеудің нақты мүмкіндігі.
Қазақстан Республикасының Еңбек және
халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ресми деректерге сәйкес, 2024
жылы 4518 этникалық қазақ тарихи Отанына оралды. Олардың ішінде 1088 адам
Моңғолиядан келген қандастар. Яғни
Өзбекстаннан кейінгі екінші көрсеткіш. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында тағы
133 қандас Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келген.
Бұл – тек статистика ғана емес мыңдаған
тағдыр мен үміт. Бұл – жүрегі «Атамекен» деп соққан азаматтардың Қазақстанмен
қайта табысуының айғағы.
Қазақстан – шеттегі қазақ үшін тарихи Отаны
болғанымен, іс жүзінде жаңа мемлекет, жаңа қоғам. Қандас мәртебесін алу тек
алғашқы қадам. Ал одан кейінгі саты өмірлік бейімделу кезеңі:
Құжаттарды
рәсімдеу кезінде туындайтын бюрократиялық кедергілер ;
Баспана мәселесі мен жалдау ақысының жоғары
болуы;
Дипломдардың мойындалмауы және мамандыққа
сәйкес жұмыс табу қиындығы;
Кей өңірлерде жергілікті халықтың
түсіністік танытпауы.
Алайда бұл қиындықтар тек қандастарға емес,
жалпы халыққа тән. Ең бастысы мемлекеттен ғана үміт күтпей, өзің де
бейімделуге, қоғамға сіңісуге талпынуың керек.
Мемлекеттік қолдау бар, бірақ жүйелі ме? деген сұрақта туындары
анық .
Әрине қандастарға арналған қолдау
бағдарламалары бірнеше бағытта жүзеге асып жатыр:
Қандас
мәртебесін алған азаматтарға әлеуметтік жеңілдіктер беріледі;
Солтүстік және шығыс өңірлерге көшкендерге
70–100 АЕК мөлшерінде бір реттік жәрдемақы, сондай-ақ 12 ай бойы жалдамалы
баспана ақысы өтеледі;
Алайда
бұл бағдарламалардың кейбірі біркелкі орындалмайды. Бір аймақта жақсы
іске асып жатса, басқа өңірде баяу жүріп жатқаны байқалады. Сондықтан жүйелілік
пен бақылау қажет.
Ал қандастың қоғамдағы рөлі мен миссиясы
тек көші-қон статусы емес. Бұл – тарихи жад пен ұлттық бірліктің көрінісі.
Әрбір қандастың бойында мынадай міндеттер бар:
-Қазақ тілін сақтау және ұрпағына үйрету
-Қазақы болмысты ұмытпау
-Еңбекқор болу, елге пайда келтіру
-Қоғамға үлес қосу, жаңа идея әкелу.
Шеттен келген қандас ұлттың рухани, мәдени, әлеуметтік байлығын
толықтырып отырған маңызды күш. Біз
қазақтың әр қиырда шашылған бай тарихын, тектілік пен тіл мұрасын бір
орталыққа, яғни Қазақстанға жинап жатқан буынбыз.
Қазақстан – бабалар аңсаған мекен. Ол
мекенді көркейту бізге аманат. Бүгінгі таңда мемлекеттің қандастарға көрсетіп
отырған қолдауы көңіл қуантады. Алайда тек үкімет емес, қоғам да өз қандасына
иықтаса білуі керек.
Мен – Ерхуат Махбал, Моңғолиядан келген
қандас ретінде, Қазақстанды мекен емес, тағдыр деп түсінемін. Бұл елмен бірге
менің де болашағым өріледі.