Шымкенттің қақ ортасындағы "Қиял әлемі" саябағының сүріліп жатқанын бұған дейін жазғанбыз. Осындағы кәсіпкерлер "Сыздықбеков бізді далада қалдырды" ашынған еді.
Қызығы, әлемжелідегі оқырманның басым көпшілігі парктің сүрілуін қолдап шыққан. Бұған бір жақты баға беруді жөн көрмеген Ertenmedia мәселенің екінші қырына үңіліп көрді.
Оқиғаның тарихы 2009 жылдан басталады екен. Сол жылы Шымкент әкімдігі "Әйгерім" ЖШС-на 5 гектар жерді 49 жылға жалға берген. Әуелде ол жер балалардың ойын-сауық орталығы болуы тиіс-тін.
Соның алдында ғана (2008 жылы) сот бұл аумақ коммерц. құрылысқа жарамайтынын, жалпы қолданыстағы жасыл аймақ екенін шегелеп, шешім шығарған.
Шымкент әкімдігінің мәліметі бойынша, осы уақыт ішінде қала бюджетіне пайда түспеген.
Шымкенттегі Мем.кіріс департаментінің дерегінше, "Sayabak alemi" ЖШС соңғы жылдары табысын азайтып көрсетіп, салықтан жалтарған.
Мәселен, 2023 жылғы декларацияда компания кірісі 48,7 млн теңге, ал қызметкер саны 18 адам деп көрсетілген. Алайда 2024 жылғы тексеру нәтижесінде кірістің шын мәнінде 292 млн теңге екені, яғни алдыңғы жылғы көрсеткіштен 6 есеге артық болғаны анықталған.
"Қиял әлемінің" кәсіпкерлері Сыздықбековтен өтемақы талап етуде. Әкімдік болса, "олар бізден өтемақы талап ете алмайды" дейді.
Қызығы, шешімді қала тұрғындары да қолдап отыр. Шымкенттіктердің бір тобы, саябақтың әлдеқашан ескіргенін, бағасының тым қымбат екенін айтады. Енді біреулер мұндағы каруселдер тозып тұрғанын, соның кесірінен бала-шаға жарақат алып, қайғылы оқиғалар болғанын жазған.
Тағы біреулер "Қиял әлемі" қаланың қақ ортасындағы базарға айналғанын сынаған.
Шымкент әкімдігі дұрыс шешім қабылдады ма? Әлде кәсіпкерлердің талабы орынды ма?