Тоқаев: Қазақстан БҰҰ реформасын ұсынуға дайын

31



MUNARMEDIA.KZ 09.09.2025 /АСТАНА/ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанның халықаралық бастамаларына кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысы жақын күндері Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөз сөйлеп, Қазақстанның әлемдік ахуалға қатысты көзқарасын таныстырып, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау жөніндегі ұсыныстарын жария ететінін мәлімдеді.

Қауіпсіздік кеңесін реформалау – басты міндет

Президенттің пікірінше, ең әуелі реформалануы тиіс орган – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі. Дегенмен, ол ұйымның дипломатиялық шешім қабылдаудың басты алаңы ретіндегі орнына балама жоқ екенін атап өтті.
– «Берік бейбітшілік пен жалпы прогресс жолында ымыраға келуді іздеу қажет. Жаман бейбітшілік жақсы жанжалдан артық. Сол себепті Қазақстан Аляскадағы Ресей мен АҚШ саммитінің қорытындыларын, сондай-ақ Вашингтонда президент Трамптың арағайындығымен Әзербайжан мен Армения арасында бейбітшілік декларациясының қабылдануын құптайды», – деді Қ.Тоқаев.

Тарихи сабақ және қазіргі қауіптер

Мемлекет басшысы Мәскеу мен Бейжіңде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуына арналған салтанатты шаралардың маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл – миллиондаған құрбанды еске алу әрі тарихты қайта қарау әрекеттерінен және жаңа жаһандық қақтығыстарға жол беруден сақтандырудың айқын белгісі.

Қазақстанның сыртқы саяси бағыты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның белсенді халықаралық саясатын да атап өтті. Соңғы айларда Қытайға жасаған ресми сапары екіжақты ынтымақтастықтың барлық саласын қамтыса, Түркия мен Қырғызстанға сапарлар да жемісті өткен. Жыл соңына дейін Ресей мен Өзбекстанға сапар жоспарланған. Сонымен қатар Астанада Әзербайжан, Армения және Түрікменстан көшбасшыларын қабылдау көзделген. Азия мен Еуропаның бірқатар мемлекеттерімен кездесулер өтпек.
Президенттің айтуынша, Қазақстан АҚШ-пен стратегиялық диалогты күшейтіп, Еуропалық Одақпен көпқырлы байланыстарды дамытуға ерекше көңіл бөлуде.

Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы – көпвекторлы және теңгерімді. Тоқаев БҰҰ реформасын көтере отырып, халықаралық аренада елдің бейбітшілікке, өзара сенім мен серіктестікке негізделген ұстанымын тағы бір мәрте айқындап отыр. Бұл бастама тек Қазақстан үшін ғана емес, жаһандық тұрақтылық үшін де маңызды қадам болмақ.