Баяжума Асылбек. Ресей – Қытай қатынастары: Мәскеудің тәуелділік аймағына түсті ме?

34



MUNARMEDIA.KZ 09.09.2025 /АСТАНА/ - Владимир Путиннің Қытайға жасаған төрт күндік сапары аяқталды. Бұл – соғыс жылдарындағы кезекті саммиттердің бірі ғана емес, Ресейдің қазіргі сыртқы саясаттағы ең басты бағыттарының айқын көрінісі. Мәскеудің Батыспен қарым-қатынасын үзген сәтінен бастап, Қытайға тәуелділік барған сайын күшейіп келеді.

Кезекті саммиттің «жария» бөлігі бұрынғы сценарийден көп алшақтаған жоқ. Ресейлік делегация құрамында 12 министр, ірі мемлекеттік компания басшылары мен олигархтар болды. Қол қойылған ондаған құжаттың дені бұрынғы келісімдердің жалғасы ғана: насихат саласындағы меморандумдар, ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын санитарлық талаптар, университетаралық ынтымақтастық.

Әдеттегідей, «Сібірдің күші – 2» газ құбыры жобасы туралы келісім жасалды. «Газпром» басшысы Алексей Миллер «құқықтық міндетті меморандум» деп атаған құжатқа қол қойды, бірақ тағы да ең басты мәселе – газ бағасы белгісіз қалды.

Ал «жасырын бөлігі» – әлдеқайда маңызды. Кездесулерге Ресейдің қорғаныс өнеркәсібін бақылайтын жоғары шенділер қатысты. Қытайдан Ресейге өндірістік құрал-жабдықтар мен әскери компоненттердің үздіксіз ағылып жатқаны мәлім. Жарты жылдың ішінде Ресей Қытайдан шамамен 2 миллиард доллардың әскери-өнеркәсіптік жабдықтарын сатып алған.

Қытай юані бүгінде Мәскеу биржасындағы басты валютаға айналды. Ресейдің алтын-валюта қоры да негізінен юаньмен жинақталуда. Тіпті санкцияға ұшыраған қытайлық банктер де ресейлік төлемдерді өңдеуді жалғастыруда.

Ресей–Қытай арасындағы сауда көлемі 2024 жылы рекордтық 245 миллиард долларға жетті. Ресей экспортының 30%-ы, импортының 40%-ы Қытайға тиесілі болды. Бұл – Ресей экономикасының болашағы Бейжіңнің қолында екенін көрсететін нақты дерек.

Алайда биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша сауда көлемі 8%-ға төмендеді. Мұнай бағасының құлдырауы мен Ресей нарығындағы сұраныстың әлсіреуі жағдайды одан әрі қиындата түсті. Соған қарамастан, Мәскеудің басқа балама табуы қиын – Еуроодақ ресейлік импорттан толық арылуға тырысып жатыр, ал Үндістан Ресейге Қытайдай жүйелі қолдау көрсете алмайды.

Қытай үшін Ресей – қажетті, бірақ алмастырылмайтын серіктес емес. Мәскеудің үлесі Қытай импортының 5%-ын, экспортының 3%-ын ғана құрайды. Ал Ресей үшін Қытай – бірден-бір тірек. Сондықтан стратегиялық теңсіздік барған сайын тереңдеуде.

«Сібірдің күші – 2» жобасы осы теңсіздіктің символына айналды. Бейжің газды аз көлемде және өзіне тиімді бағада алғысы келеді. Ресей үшін бұл құбыр Батыстың газ нарығын жоғалтқаннан кейінгі соңғы мүмкіндікке айналып отыр.

Кезінде Мәскеу Батыстан алыстап, Қытайға бет бұрғанда, бұл бағытты «стратегиялық әріптестік» деп атады. Алайда уақыт өте келе бұл әріптестік тең емес қатынасқа ұласып отыр.

Ресейдің Қытайға тәуелділігі бүгінде «уақытша амал» емес, ұзақмерзімді шындыққа айналып барады. Бұл жағдайды Мәскеу қаншалықты мойындап, қабылдайтыны – алдағы жылдардың ең өзекті сұрағы.