Кореядағы қазақстандықтар: заңсыз көші-қонға қарсы жаңа қадам

38


Munarmedia.kz.09.09.2025 ж. /Астана/ - Қазақстан Оңтүстік Кореядағы еңбек миграциясы мәселесін жүйелі түрде шешуге кірісті. Енді Сеулдегі Қазақстан елшілігінде арнайы полиция атташесі қызмет атқаратын болады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті хабарлады.

Жаңа атташенің негізгі міндеті – Кореядағы қазақстандықтардың заңды мәртебесін бақылау, заңсыз көші-қон мен бейресми жұмыспен қамтылу жағдайларын анықтау. «Ол азаматтарымыздың елдегі болуын қадағалап, көші-қон заңнамасын бұзу деректерін тіркейді. Барлық мәлімет уақтылы екі елдің құзырлы органдарына жолданады», – деп мәлімдеді комитет өкілдері.

Бұл мәселе жуырда өткен алғашқы вице-министр Аскарбек Ертаевтың ІІМ мен Сыртқы істер министрлігі өкілдерімен кездесуінде басты тақырыпқа айналды. Ертаевтың айтуынша, Қазақстан тарапы бұл бағыттағы бақылауды күшейтіп, заңсыз еңбекке тосқауыл қоюға басымдық бермек.

Оңтүстік Кореяға уақытша еңбек миграциясына шығатын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді. Алайда көбі ресми келісім-шартсыз жұмысқа орналасып, заңсыз мәртебеге түсіп қалады. Бұл тек мигранттардың өзіне емес, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа да теріс әсер етуі мүмкін.

Сондықтан жаңа полицей атташесінің қызметі – Қазақстан үшін шетелдегі еңбек миграциясын тәртіпке келтірудің алғашқы нақты тетігі болмақ. Бұл қадам мемлекет тарапынан азаматтарының құқықтарын қорғауға деген жауапкершілікті күшейтіп қана қоймай, көші-қон саласында халықаралық әріптестікті жаңа деңгейге шығарады.

✍️ Бұл шешім Қазақстанның еңбек нарығы мен азаматтық қауіпсіздігін қорғау саясатының айқын көрінісі.