Munarmedia.kz 30.08.2025 /Астана/ Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қоғам белсендісі Ераділ Үббиниязовпен болған әңгіме барысында қателік жібергенін мойындады. Бұл туралы әкімнің өзі мәлімдеп, оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Байтақ» жасылдар партиясының Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Ераділ Үббиниязов қаладағы сапасыз атқарылған жұмыстарды бақылауға алу қажеттігін айтып, жергілікті билікке талап қойған болатын. Алайда әкім бұл сынға ренішпен жауап қатқан.
Үббиниязовтың айтуынша, әкім оған сыни пікір білдіргеннен кейін мысқылмен «Тоқаевпен тікелей жұмыс істеңіз» деп кеңес берген. Сонымен қатар, қаладағы инфрақұрылымдық мәселелер туралы шағымдардан соң, Азамат Бекет белсендінің өзіне «бұрауыш алып, өзіңіз бұрап қойыңыз» деп жауап қатқанын еске салды. Бұл жайттың егжей-тегжейі бұған дейін жарияланған болатын.
Алайда әкім бұл сөздердің контекстен жұлынып алынғанын айтып, ешқандай қорқыту немесе қоқан-лоққы болмағанын мәлімдеді.
«Мемлекеттік қызметші ретінде мен этикалық қателікке жол бердім. Біз Ераділ Үббиниязовпен көптен бері таныспыз, тек қызмет бабымен емес, өмірлік ортақ таныстығымыз бар. Жастық шақта екеуміз бокс секциясына бірге қатысқанбыз, сол кезден араласамыз», — деді әкім «Орда» басылымының журналисіне берген сұхбатында.
Азамат Бекет өзінің сыни пікірлерге ашық екенін және әрбір түсініктеме үшін сотқа жүгіну ойында жоқ екенін атап өтті.
Ал «Байтақ» партиясының өкілі, өз кезегінде, әкімді жауапкершілікке тарту ниеті бар екенін мәлімдеді.