Munarmedia.kz 26.12.2025 /Астана/ Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыс орын алды. Оқиға салдарынан бес адам қаза тауып, олардың екеуі Тәжікстанның шекара қызметінің әскери қызметкерлері екені хабарланды.
Тәжікстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) мәліметінше, 23 желтоқсан күні кешкі уақытта Ауғанстан аумағынан «террористік ұйымның үш мүшесі» мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, республика аумағына енген. Ведомствоның дерегінше, аталған тұлғалар шекара қызметкерлеріне шабуыл жасауды жоспарлаған.
ҰҚМК хабарламасында жүргізілген арнайы операция нәтижесінде үш күдіктінің барлығы залалсыздандырылғаны айтылған. Оқиға орнынан М-16 үлгісіндегі үш атыс қаруы мен Калашников автоматы, дыбыс өшіргіші бар шетелдік өндірістегі үш тапанша, 10 қол гранатасы, бір түнгі көру құрылғысы, жарылғыш заттар, сондай-ақ өзге де әскери жарақтар мен оқ-дәрілер тәркіленген.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тиісті тексеру және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.