Munarmedia.kz 26.12.2025 /Астана/ Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы бірнеше мектеп жылыту маусымының қақ ортасында көмірсіз қалуы мүмкін. Отын жеткізуші — «Жан реал» ЖШС — білім беру мекемелеріне жеткізілген көмірдің қалған бөлігін кері қайтарып алу ниеті бар екенін мәлімдеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай қадамға баруға нақты негіз бар: жеткізілген көмір үшін мердігерге бірде-бір теңге төленбеген. Қалыптасқан берешектің жалпы көлемі шамамен 90 млн теңгені құрайды.
Мердігер ұйым өкілдері ауданның бірқатар мектептерінде болып, білім беру мекемелерінің басшылары көмірдің бар екенін, оның көлемі мен сапасы талаптарға сай келетінін және мектептер тарапынан ешқандай шағым жоғын растаған.
Алайда жеткізушінің мәлімдеуінше, жағдай абсурд сипатқа ие болған: көмір жеткізуге қатысты шарт мемлекеттік сатып алулар порталынан жоғалып кеткен, ал отынның жеткізілгенін растайтын құжаттар мүлде жоқ болып шыққан.
Ақмола облысының білім басқармасында бұл жағдайдың сот дауына байланысты туындағанын түсіндірді. Ведомство басшысы Айнагүл Балташеваның айтуынша, конкурс қорытындысы шыққаннан кейін нәтижелермен келіспеген қатысушылардың бірі сотқа жүгінген. Заң талаптарына сәйкес, сот шешімі шыққанға дейін конкурстық комиссия шарт жасасу мен қаржыландыруды қоса алғанда, ешқандай рәсімді жалғастыруға құқылы болмаған.
«Қорытынды сот шешімін күтіп отырмыз. Ол алынғаннан кейін материалдар жеке тәртіппен қаралады, соның ішінде ұсынылған есептер мен сметалық құжаттамаларға қайта бағалау жүргізіледі», — деп түсіндірді Айнагүл Балташева.
Сонымен қатар, қаржы жылы аяқталып келеді. Білім басқармасының мәліметінше, мәселені нақты шешу 2026 жылдың қаңтар айында, жаңа бюджеттік кезеңге өткеннен кейін ғана мүмкін болуы ықтимал.
Ал жеткізуші компания бұдан әрі күтуді жөн санамай, көмірді кері қайтарып алу ниетін ашық білдіруде. Осы ретте мемлекеттік органдар рәсімдерге, сот процестеріне және бюджеттік шектеулерге сілтеме жасап отырған кезде, мектептер үшін ең өзекті сұрақ туындап отыр: егер көмір ертең-ақ әкетіле бастаса, оқу сыныптары немен жылытылады?