Қазақстанда отбасылық-кландық жүйе келмеске кетті. Президент Тоқаев мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінде осылай деп мәлімдеді хабарлайды Ertenmedia.
Президент «Жаңа Қазақстанның» іргесін қалайтын мұғалімдердің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, оларсыз әділетті мемлекет құру мүмкін емес екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын атап өтті.
«Елімізде отбасылық-кландық жүйенің дәуірі аяқталды.
Қазір еркін ойлы, бәсекеге қабілетті жаңа буын өсіп келеді. Біз сапалы әрі әділетті қоғамға өттік. Алайда өзгерістерді жай ғана жариялап қою жеткіліксіз. Оларды халықтың санасына сіңіріп, берік ұстанымға айналдыру керек. Ал бұл ең алдымен сіздердің жауапкершіліктеріңіздегі міндет», – деді президент.
Президент сөзінде мұғалімдер мәртебесі мен әлеуметтік жағдайына ерекше мән берді. Соңғы төрт жылда Қазақстанда мұғалімдердің жалақысы екі есеге өскенін және 500 мыңнан астам педагог қосымша үстемақы алып отырғанын атап өтті.
Тоқаев қазіргі қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі мектептердегі буллинг екенін де тілге тиек етті.
«Буллинг мәселесін ешқашан назардан тыс қалдыруға болмайды. Биылдан бастап барлық мектепте балалар мен жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы бағдарлама енгізіледі», – деді ол.
Бұл ретте ол ата-ананың да баласына жауапкершілігін күшейту керектігін айтып, «Педагог мәртебесі туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.
Сөзінің соңында әділетті мемлекет құру әрбір азаматтың парызы екенін тағы бір мәрте еске салды.