Munarmedia.kz. 31.10.2025 /Астана/-Талдықорған тұрғыны Юлия Скрильникова өзінің анасының өлім туралы құжатын алу үшін №2 қалалық емханаға барған. Алайда дәрігерлер оған өзінің қайтыс болғаны туралы анықтама берген.
«Қарасам, тізімде өз атым тұр. Екі өлім бірдей соққы болды. Алдымен анамнан айырылдым, енді құжат бойынша өзім де жоқпын», — дейді Юлия.
«HALYQSTAN» Telegram-арнасының хабарлауынша, әйелдің ашу-ызасынан кейін емхана шұғыл түрде жаңа, дұрыс анықтама жасап беріп, ол анасын жерлеуге мүмкіндік алған. Бірақ жағдай мұнымен аяқталмаған.
Үш күннен соң Юлия күтпеген жайтқа тап болды: оның жеке кәсіпкерлігі жабылып, банктік шоттары бұғатталып, барлық мемлекеттік базаларда “қайтыс болғандар” қатарында тұрғаны анықталған.
Алдын ала мәліметке қарағанда, емхананың қатесі тек қағаз жүзінде түзетілген, ал электрондық реестрлерге ешқандай өзгеріс енгізілмеген.
Қазір ол ешқандай мемлекеттік қызмет ала алмайды, ақша аудара алмайды, сотқа жүгіне де алмайды — жүйе оны тірі адам ретінде танымай отыр.
«Емханада “біз ештеңе істей алмаймыз” дейді. ЦОН қызметкерлері де бас шайқайды. Ал салық басқармасы тіпті: “Сіз өлгенсіз” деп жауап береді», — дейді Юлия.
Бұл жағдай — бір ғана техникалық немесе кадрлық қателік емес, адамның бар болмысын жүйеден өшіріп жіберетін мемлекеттік немқұрайдылықтың көрінісі.
Егер осындай өрескел қателікке жол берген ведомстволар өз кінәсін түсіндіріп, оны түзете алмаса, мәселе енді «техникалық ақауда» емес, жазасыз қалған немқұрайлы шенеуніктердің жүйесінде жатыр.