Ауыл шаруашылығын қолдау қорының бұрынғы басшысына жалған фирмалар арқылы ұрлық жасады деген айып тағылды

36

Munarmedia.kz. 31.10.2025 /Астана/-Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының бұрынғы төрағасы Жандар Омаров жалған фирмалар арқылы ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның дерегінше, ҚМА-ның Шымкент қаласы бойынша департаменті Омаровқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол қызмет бабын пайдаланып, бюджет қаржысын — яғни, интенсивті алма бақтарын салуға бөлінген қаражатты ұрлады деген күдікке алынған. Тергеу мәліметінше, ол жұмыстар мен жабдықтардың құнын әдейі арттырып көрсеткен.

Бұл схеманы жүзеге асыру үшін Омаров аффилиирленген тұлғасы — “Green Mart Kazakhstan” ЖШС басшысын тартқан. Соңғысы достары мен туыстарының атына тіркелген 20 жалған фирма ашып, оларды бағдарламаға жалған лизинг алушылар ретінде енгізген.

«Негізінде бұл адамдар ешқандай шаруашылық қызметпен айналыспаған және жобаға қатыспаған. Бірақ олардың атынан Қорға 1,4 млрд теңге көлемінде лизинг алу туралы құжаттар тапсырылып, шешім оң мақұлданған. Конкурс өткізілместен жеткізуші ретінде сол “Green Mart Kazakhstan” компаниясы таңдалған. Ал қаражат түскеннен кейін оның бір бөлігі байланысқан кәсіпорындардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Жабдықтар шектен тыс бағамен жеткізіліп, ал жұмыстар іс жүзінде орындалмаған. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 430 миллион теңгеден асып кеткен», — делінген агенттіктің хабарламасында.

ҚМА хабарлауынша, Жандар Омаров екі ай мерзімге қамауға алынған, ал алдын ала тергеу жалғасуда.

Бұған қоса, осы іске қатысты Қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К. Искаков пен “Green Mart Kazakhstan” компаниясының басшысы Р.Б. Сазынбек кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, олардың төрт көлігі тәркіленген. Алайда үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Фото: ortcom.kz