Қазақстан армиясында жасанды интеллектке жауапты жаңа бөлім құрылды

64

Munarmedia.kz 18.08.2025/Астана/-Қорғаныс министрлігі құрамында жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу және дамытуға жауапты арнайы бөлім құрылды. Ведомствоның хабарлауынша, жаңа құрылым Қарулы күштердің цифрлық трансформациясындағы негізгі буынға айналмақ.

«Бөлімнің басты міндеттері – үлкен деректерді талдау, басқару процестерін автоматтандыру, операциялық сценарийлерді модельдеу және қазіргі әскери жағдайда шешім қабылдау жылдамдығын арттыруға арналған ЖИ-жобаларды әзірлеп, енгізу», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Жаңа құрылым отандық және халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарымен, жетекші университеттермен, сондай-ақ салалық IT-компаниялармен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл қадам қорғаныс саласына озық технологияларды енгізіп қана қоймай, сонымен бірге жасанды интеллектіні әскери қолданудың ұлттық мектебін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қорғаныс министрлігі мамандар даярлау бағытын да ерекше атап өтті. «ЖИ енгізуге арналған бөлімнің құрылуы кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған. Қазіргі заманғы алгоритмдер мен цифрлық жүйелермен жұмыс істей алатын офицер-талдаушылар мен технологиялық мамандарды даярлау жоспарланып отыр», – деді ведомство өкілдері.