Шымкенттегі резонансты процесте судьяның оғаш қылығы қызметтік тексеріске себеп болды

63

Munarmedia.kz.20.08.2025 /Астана/-Шымкентте өтіп жатқан атышулы сот процесінде төрағалық еткен судья Әбінұр Қарабаевтың әрекеті қоғамда үлкен дау туғызды. Ол қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісін қарау барысында астаналық журналист Ботагөз Омароваға тіл шығарып, әдепсіз қылық танытқан.

Қалалық қылмыстық істер жөніндегі соттың баспасөз қызметі бұл оқиғаға байланысты ресми түсініктеме берді. Мәлімдемеде судьяның әрекетіне қызметтік тексеріс жүргізілетіні, оның қорытындысы судьялық әдеп комиссиясының қарауына шығарылатыны айтылған.
«Егер судья тарапынан ар-намысқа нұқсан келтіретін қылық жасалғаны дәлелденсе, материалдар Жоғарғы сот кеңесі жанындағы сот алқасына жолданады», – делінген хабарламада.

Telegram-арналар да бұл жағдайды назардан тыс қалдырмады. «Бараева» арнасының авторы:
«Салдары күндей айқын болуы тиіс. Егер дәл осындай әрекетті судья емес, процеске қатысушы тарап көрсетсе ше? Бірінші кезекте – сотты құрметтемеу бабымен қылмыстық іс қозғалар еді. Оған қоса сот залынан шығару, ал прокурор не адвокат болса – қызметінен уақытша шеттетуге дейін баратын қатаң шаралар қолданылар еді. Судьяға қатысты бұл жағдай да тексеріссіз қалмауы тиіс», – деп жазды.


Журналист Ботагөз Омарова мұндай әрекетке алғаш рет тап болғанын айтады. Оның сөзінше, Қарабаевтың қандай оймен мұндай гримаса көрсеткенін түсіну қиын. 19 тамызда Омарова әлеуметтік желідегі жазбасында судья енді онымен амандаспайтынын, ал өзіне «қадағалау орнатылғанын» байқағанын хабарлады.

Бұл оқиға Қазақстандағы сот жүйесінің этикасы мен сот беделіне қатысты жаңа талқылауларға жол ашты. Сарапшылардың айтуынша, қызметтік тексерістің нәтижесі кәсіби әдебін бұзған судьяларға қатысты болашақта қандай қатаң шара қолданылатынына да айқындық бермек.