Munarmedia.kz.20.08.2025 /Астана/-АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Ресейге қарсы әскери көмек ретінде америкалық әскер жіберу ықтималдығын түбегейлі жоққа шығарды. Бұл туралы Exclusive.kz Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды. Бұған дейін ол мұндай мүмкіндік бардай әсер қалдырған еді.
Таңғы телеинтервью кезінде Трамп Украинаның НАТО-ға мүше болу үміті «бос әурешілік» екенін айтып, Қырымды Ресейден қайтарып алу «мүлдем мүмкін емес» екенін атап өтті.
Апта басында Вашингтонда Трамп, Украина президенті Владимир Зеленский және бірқатар еуропалық лидерлер көпсағаттық келіссөз жүргізген болатын. Негізгі мақсат – Ресейдің Украинаға жасаған толыққанды басқыншылығын тоқтату жолдарын қарастыру еді.
Дүйсенбі күні Ақ үйде журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп Еуропа жетекшілік ететін Украина қауіпсіздігін қорғау шараларына АҚШ әскерін қосу мүмкіндігін жоққа шығармаған. Бұл мәселе Зеленский талап етіп отырған қауіпсіздік кепілдіктерінің аясында қарастырылған.
Алайда сейсенбі күні Fox News арнасына берген сұхбатында Трамп:
«Мен сіздерге кепілдік бере аламын: мен президентпін, сондықтан америкалық әскер Украина шекарасын қорғауға қатыспайды», — деп жауап берді.
Дегенмен сарапшылардың айтуынша, Трамптың өкілеттілігі 2029 жылдың қаңтарында аяқталғаннан кейін ол АҚШ Қарулы күштеріне бақылау жүргізе алмайды.
Кейінірек Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт те ресми түрде түсініктеме беріп, «американдық етік ешқашан Украина жерінде тұрмайды» деп мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл ұстаным кез келген ықтимал бітімгерлік миссияға қатысты да сақталады.