Шымкентте атышулы қылмыстық топқа қатысы бар деп айыпталған алты ер адамға сот үкімі шығарылды. Олар қылмыс әлемінде «Дикий» Арман деген атпен танымал Арман Жұмагелдиевтің сыбайластары ретінде танылған. Бұл туралы Exclusive.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот бір айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатты, біріне шартты жаза тағайындады, ал қалған төртеуі 1 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Сот қараған істердің арасында ауыр баптар бар: «Қорқытып алу», «Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу», «Қаруды заңсыз сақтау және тасымалдау», «Қасақана ауыр дене жарақатын салу», «Бостандықтан заңсыз айыру» және «Өз бетінше билік жүргізу».
Айыпталушыларға төмендегідей үкімдер шықты:
-
Арман Сартаев – 4 жыл 8 ай (өз бетінше билік жүргізу және бостандықтан заңсыз айыру).
-
Даур Тәукеев – 7 жыл (қорқытып алу және қаруды заңсыз сақтау).
-
Айдар Оразов – 4 жыл (қаруды заңсыз сақтау және тасымалдау).
-
Ғалым Ашыров – 1 жыл (бостандықтан заңсыз айыру).
Олардың барлығы жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемелерінде өтейді.
Сонымен қатар:
-
Дәулет Оразбай – 1 жыл шартты жаза (қажетті қорғану шегінен асып кетіп, ауыр дене жарақатын салу және заңсыз бостандықтан айыру).
-
Ерасыл Тоқтасын – жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
«Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттері нәтижелерімен, сараптамалар мен заттай айғақтармен дәлелденді», – деп мәлімдеді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптардың апелляцияға шағымдану құқығы бар.