Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Жымпитыда бір отбасының бес баласын жер қойнына тапсырды

60




6 маусым күні Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында бір отбасының бес бірдей сәбиін жер қойнына тапсырды. Олар 4 маусымда үй өртенген кезде, иіс газынан уланып қаза тапқан еді. Сабировтар отбасының балалары – 6 жастағы Раян, 5 жастағы Райс, 4 жастағы Диар, 2 жастағы Нұрхан және 8 айлық Әлихан – барлығы да бір үйдің балалары болатын.

Қайғылы оқиға сәрсенбі күні күндіз тіркелген. Сабировтар жалға алып тұрған саман үй отқа оранды. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер ішке кіріп, ес-түссіз жатқан бес баланы алып шыққанымен, дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады. Қайғылы сәтте үйде ересектер болмаған – ата-анасы жұмыста жүрген.

Сырым ауданының әкімдігі мен ТЖД, өрт зерттеу зертханасы және психолог мамандар оқиға орнына жетіп, тергеу амалдарын бастап кетті. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Полиция қылмыстық іс қозғады.

Ата-анасы – жетімдер, өздері өмірде жетімдікпен арпалысып, енді бес бірдей баласынан айырылды. Жақын туысы Жұмақан Үмбетьяровтың айтуынша, бұл отбасының материалдық жағдайы өте ауыр болған.

"Қолдарынан келгенше балаларына қарап, еңбек етті. Енді бес баласынан айырылған ата-ана қандай күйде екенін елестету қиын", – дейді ол.

Ауыл тұрғындары Сабировтардың қарапайым, еңбекқор отбасы болғанын айтады. Әкесі жергілікті мәдениет үйінде жұмыс істесе, анасы балалармен үйде отырып, қосымша күнкөріс үшін дүкендерде еден жуып, арзан жұмыстар істеп жүрген. Сол күні де дәл сондай бір жұмысқа кеткені болжануда.

Ауыл тұрғыны Тлек Аманбаевтың айтуынша, өрт сөндірушілер үйге алғаш келгенде есік құлыптаулы болған соң, ішінде ешкім жоқ деп ойлаған.

"Кейін көршілердің бірі іште балалар болуы мүмкін екенін айтып, есікті бұзып кірген. Балалар бірге жатқан, оларды күйік емес, иіс газы өлтірген", – дейді ол.

Сабировтар отбасы бұл үйге өткен күзде көшіп келген. Үй – бұрынғы полицейдің иелігінде болған. Ауыл тұрғындары бұл отбасына көмек көрсету үшін қолдарынан келгенін жасап жатыр – қайырымдылық жинау басталып кеткен.

Билік не дейді?

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың айтуынша, бұл отбасы 2023 жылдың қарашасында мемлекеттік үй кезегіне тұрған. Оларға көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы төленіп келген. Алайда атаулы әлеуметтік көмек берілмеген – себебі кірістері шекті мөлшерден сәл ғана асып кеткен.

"Қазіргі таңда отбасыға толық көмек көрсетіледі. Қайырымдылық қорлары арқылы жаңа үй алынып жатыр. Заңды рәсімдеулер аяқталған соң беріледі", – деді әкім.

Аудан әкімінің айтуынша, жалпы Сырым ауданында үйге мұқтаж көпбалалы 102 отбасы және 514 адам кезекте тұр. Соңғы жылдары 23 үй көпбалалы отбасыларға берілген, бірақ тұрғын үй қоры ескірген – үйлердің көбі 60-70 жылдары салынған.

Әкімнің сөзіне қарағанда, Сабировтардың балалары балабақшаға бармаған. "Қандай себеппен бармағанын нақты білмеймін", – дейді ол. Ауылда екі балабақша бар, екеуі де орын тапшылығын бастан кешіп отыр – шамамен 100 балаға орын жетіспейді.

Жымпитыда жұмыс орны да аз. Бірі мал ұстап, бірі қалаға кетіп күн көреді. Тұрғындардың айтуынша, балабақшаға бір баланы берудің өзі ай сайын 14 мың теңге тұрады. Мұндай шығынды көпбалалы, жағдайы төмен отбасы көтере алмайды.


Бұл қайғылы оқиға 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы Ситер отбасында болған қайғылы жағдайды еске салады. Ол кезде де ата-анасы жұмысқа кеткенде үй өртеніп, бес қыз иіс тиіп көз жұмған еді. Сол кезде елде әлеуметтік әділеттілік талап етіліп, үкімет отставкаға кеткен болатын.

Бүгінде де бұл жағдай еліміздегі әлеуметтік мәселелердің әлі де шешілмегенін еске салды. Сабировтардың бес бірдей баласы – қарапайым бір отбасының ғана емес, бүкіл елдің жүрегін сыздатқан қасіретке айналды.