Munarmedia.kz.15.09.2025 ж. /Астана/ -Шығыс Қазақстан облысында полицейлер қымбат металдарды заңсыз өндіру әрекетін әшкереледі.
Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-алдын алу іс-шарасы барысында құқық қорғау органдары 19 шетелдік азамат пен Өскемен қаласының екі тұрғынын ұстаған. Оларға заңсыз пайдалы қазбаларды өндіру бойынша күдік тағылып отыр.
Оқиға орнынан бірнеше экскаватор, бульдозер, ұсатқыш қондырғылар және өзге де арнайы техника, сондай-ақ құрамында алтын мен өзге де қымбат металдардың ізі бар металл бұйымдары тәркіленді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу барысында 20-дан астам адамның бұл іске қатысы бар-жоғы тексерілуде. Арнайы сараптамалар тағайындалды.