Munarmedi.kz 02.11.2025 /АСТАНА/ Солтүстік Қазақстан облысының Докучаево ауылында қайғылы оқиға болды. 31 қазан күні мас күйдегі ауыл тұрғыны өзіне жалақы қарызын сұрау үшін фермердің үйіне барған.
Алдын ала мәлімет бойынша, үй иесі ер адамды қолында аңшы мылтығымен қарсы алған. Ол алдымен ескерту ретінде аспанға оқ атқан. Алайда жанжал барысында жұмысшы қаруды тартып алып, екі рет — фермердің басы мен құрсағына оқ атқан.
Ауыр жарақат алған 52 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Ал 22 жастағы күдікті қашып кетпей, полицияның келуін күткен.
«Аталған жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. 22 жастағы күдікті қамауға алынды. Қазір полиция қылмыстың нақты себебін анықтап жатыр», — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Бұған дейін Жамбыл облысында болған үйлену тойы жаппай төбелес пен атысқа ұласқан еді. Арадағы сөзге келіспеушілік қақтығысқа ұласып, салдарынан төртеуі оқ жарақатымен ауруханаға түскен.