Азаматхан Әміртай: Қазақстан мен Қытай экологиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп келеді

69


БЕЙЖІҢ. Munarmedia.kz 02.10.2025– Қытай – Орталық Азия саяси партияларының II диалогында Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай Қазақстан мен Қытай арасындағы экологиялық және су ресурстары саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ұсынды.

Партия төрағасы өз сөзінде екі елдің экологиялық серіктестігі тек аймақтық емес, жаһандық маңызға ие екенін атап өтті.


«Біз үшін бұл диалог алаңы – өңір болашағын айқындайтын идеялар тоғысатын маңызды платформа. Қазақстан мен Қытайдың табиғатты қорғау бағытындағы ынтымақтастығы бүкіл Орталық Азия үшін үлгі бола алады», – деді Әміртай.

Оның айтуынша, Қытайдың Цинхай провинциясындағы шөлейттенуге қарсы күрес және жасыл экономикаға көшу тәжірибесі Қазақстан үшін құнды үлгі.


 «Цинхайда табиғи экожүйелер сақталып, "Хуанхэ" өзеніне қасиетті нысан ретінде қарайды. Бұл көзқарас бізге де жақын. Қазақстандағы Ертіс пен Іле өзендері – халықтар мен мәдениеттерді байланыстыратын ортақ арналар. Су – бізді бөлетін емес, біріктіретін күш», – деді ол.

Азаматхан Әміртай өз сөзінде трансшекаралық өзендер бойынша нақты ұсыныстарды да жария етті.


Атап айтқанда, «Байтақ» партиясы:

Ертіс пен Іле өзендерінің суларына қатысты Қазақ-Қытай трансшекаралық су орталығын құруды;

Шығыс Қазақстан облысында су ысырабын үш жылда 20 пайызға азайтуға бағытталған пилоттық жобаны іске асыруды;

Бірлескен білім беру және ғылыми бағдарламаларды дамыту мен мамандар алмасуды;

Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Қытайдың су ресурстары институты арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды;

Жасыл технологиялар мен қалдықтарды өңдеу саласында тәжірибе алмасуды ұсынды.

Сонымен қатар, партия бастамасымен 2023 жылы Қазақстанда Су ресурстары министрлігі жеке мемлекеттік орган ретінде құрылғаны атап өтілді. Қазір Үкімет су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын әзірлеуде, ол жасанды интеллект арқылы жер үсті және жер асты су қорларын біріктірмек.


 «Біздің мамандардың тәжірибесі мол, ал жастар экологиялық менеджмент пен су дипломатиясын белсенді меңгеріп келеді. Бұл — елдің болашағына салынған инвестиция», – деді «Байтақ» партиясының төрағасы.

Әміртай сөзінің соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоршаған орта туралы ұстанымын келтірді: «Қоршаған ортаға деген жауапты, ұқыпты және жанашыр көзқарас – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігі болуы тиіс».

Ол сондай-ақ Қытайдың «экологиялық өркениет» саясаты мен Қазақстанның «Таза Қазақстан» қозғалысының рухани үндестігін атап өтті.

 «Біздің елдеріміз экологияны – сенім мен бейбітшіліктің негізі деп түсінеді. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар Еуразия кеңістігінде жасыл дамудың жаңа кезеңін бастайды», – деді Азаматхан Әміртай.


Кездесу барысында делегация мүшелері Қытайдың мәдени бағдарламасына қатысты. Азаматхан Әміртай Нишан қаласындағы Конфуцийдің туған жеріне барған сәтін ерекше әсермен еске алып, ұлы ойшылдың сөзін мысалға келтірді:

 «Ізгілік ешқашан жалғыз болмайды – оның әрқашан көршілері бар».

Осы сөздер, оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен өзара құрметтің символына айналды.